Кеше Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарады. Алдағы үш жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауындағы маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды іске асыруға арналған.
Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер анықталды
Ең әуелі сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын қарады.
«Заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферт көлемі 2021 жылға – 3,7 трлн, 2022 жылға – 2,4 трлн, 2023 жылға 2,2 трлн теңге сомасында бекітуді ұсынамыз. Сондай-ақ кепілдендірілген трансфертті пайдаланудың нысаналы бағыты айқындалды. Осы қаражаттар республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталады. Аталған кепілдендірілген трансферт Ұлттық қордағы қаражаттың ішкі жалпы өнімнің 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бойынша шартты қамтамасыз етеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Бұдан кейін ведомство басшысы 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, болжамда 2019 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша есептік статистикалық деректер ескерілген.
«Әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдарына сүйендік. Коронавирус пандемиясы салдарынан биыл әлемдік экономика 5 пайызға төмендеп, ал 2021 жылы 4,9 пайызға дейін өседі деп күтіледі. Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер де ескерілді. Халықаралық қаржы ұйымдарының мұнай бағасы бойынша консенсус бағалауы баррелі 2021 жылы – 45, 2022 жылы 55 долларға жетеді.
Консервативті тәсіл ескеріліп, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарий пайдаланылды. Осылайша, 2021-2025 жылдары мұнай бағасы барреліне 35 доллар деңгейінде алынды.
Ішкі жалпы өнім 2021 жылы 2,8 пайызға өседі деп болжанып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,6 пайызға жетеді. Ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық өсуі 4 пайызды құрайды. Номиналды ішкі жалпы өнім 2021 жылы – 76,7 трлн теңгеге, 2025 жылы – 104,8 трлн теңгеге жетеді. Мұнай өндіру 2021 жылы 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі.
Барлық базалық салада өсім болады деп күтіп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7 пайызға, кен өндіру өнеркәсібі 2,9 пайызға өседі. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында – 6,2 пайыз, саудада 5,5 пайызды құрайды.
Тауарлар экспорты 2021 жылғы 41,4 млрд доллардан 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін жетеді. Импорт 2021 жылы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға теңеседі», деді Р.Дәленов.
Ведомство басшысының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық саясат инвестициялық және бизнес ахуалын жақсарту, сапалы адам капиталы және теңгерімді өңірлік дамуға негізгі басымдық бермек. Министрлік макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде бюджет параметрлерінің болжамын жасаған.
«Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы – 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы – 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Кепілдендірілген трансферт 2021 жылы – 2,7 трлн, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде жоспарланып отыр. 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансферт тарту көзделеді. Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы – 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы 12 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы – 14,05 трлн теңге, 2022 жылы – 13,8 трлн теңге, 2023 жылы 13,8 трлн теңге көлемінде жоспарланған.
Жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға және нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған», деді Р.Дәленов.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріледі
Бұдан кейін «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджет жобасының бағыттары мен мазмұны егжей-тегжейлі талқыланған.
«2021 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 11,4 трлн теңге сомасында анықталды. Бюджет тапшылығы 2021 жылы ішкі жалпы өнімнің 3,4 пайызынан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1 пайызға дейін төмендеуі болжанып отыр. Бюджет шығыстары 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды.
Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Оны бюджеттің әлеуметтік шығыстарының динамикасы көрсетіп отыр. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар – 23,4 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы 7,1 трлн теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 50,5 пайызын құрайды.
Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 12,6 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылға 4,0 трлн теңге бөлу жоспарланған. Оның 96,3 пайызы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған.
Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2021-2023 жылдары 5,1 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы 1,6 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға жұмсалады.
Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 5,2 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылға 1,3 трлн теңге бөлу қарастырылған. Биылғы мәліметпен салыстырғанда шығыстың өсуі 457 млрд теңгені құрады. Бұл мұғалімдердің еңбекақысының ұлғаюына байланысты.
Әлеуметтік сала шеңберінде «Еңбек», денсаулық сақтау, тілдерді қолдануды дамыту, білім мен ғылымды және туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламалары іске асырылады», деді Қаржы министрі.
Е.Жамаубаевтың сөзіне сүйенсек, бюджет шығыстарын бөлу кезінде экономика салаларын қолдау мен дамытуға маңыз берілмек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін үшжылдық кезеңде – 3,2 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылға 1,7 трлн теңге бөлінеді.
«Осы бағыт бойынша «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», индустриялық-инновациялық даму, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қаржы бөлінеді.
Мемлекеттің қорғаныс қабілеті және құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз етуге үш жылдық кезеңге – 3,4 трлн теңге, ал 2021 жылға 1,3 трлн теңге қарастырылған.
Өңірлік саясат – мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Үшжылдық кезеңде өңірлерге берілетін субвенциялар – 6,2 трлн теңгені, 2021 жылы 2,1 трлн теңгені құрайды.
Бюджет жобасында нысаналы трансферттер 5,9 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылға 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленген. Жалпы, үшжылдық кезеңде өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен – 12,0 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылы 4,0 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 28,4 пайызы бөлінеді.
Заң жобасын Сенатта талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар түзету енгізілді. Депутаттардың ұсыныстарының бір бөлігі ішкі қайта бөлу есебінен бюджетті іске асыру туралы қаулыны дайындау кезінде ескеріледі», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ жалпы отырыста Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев та баяндама жасап, ақша-кредит саясаты көрсеткіштері болжамы туралы айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, болжамды әзірлеу кезінде әлемдегі қазіргі ахуал ескерілген.
«Қазіргі таңда коронавирус пандемиясының екінші толқынының өршуі әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынына кері әсер етеді. Бірқатар жетекші фармкомпания вакцинасын сәтті сынақтан өткізгені жөніндегі жағымды жаңалықтарға қарамастан, оны жаппай өндіру, түпкілікті мақұлдау және логистикалық мәселелерді шешу үшін ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан 2021 жылдың ортасына дейін пандемияны тежеу үшін шектеу шараларын сақтау, қажет кезде оларды күшейту жалғаса бермек. Бұл әлемдік экономиканың қалпына келуіне кедергі жасауы мүмкін.
Шартараптағы тауар нарықтары, әсіресе мұнай нарығы тез құбылып тұр. Еуропадағы бірқатар мемлекетте жаңа локдаундар енгізу мұнайға сұраныстың қалпына келуіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде сұраныс мұнай өндірісінен асып кетуі мүмкін.
Мұнай бағасының серпіні көп жағдайда биылғы 30 қараша – 1 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ елдерінің министрлер кездесуінің қорытындысына байланысты. Онда 2021 жылы мұнай өндіру квоталары туралы шешім қабылданады. Әлемдік экономиканың қалпына келуі сауда шектеулерін алуға және жеткізу тізбегін қалпына келтіруге байланысты», деді Е.Досаев.
Ұлттық банк төрағасы осы мәселелерді ескере келе, әлемдік экономиканың қалпына келуі 2021 жылдан басталатынын жеткізді. Дағдарыстан дамыған елдер шыға бастайды. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес әлемдік экономиканың өсуі 2021 жылы 5,2 пайызға жетіп, біртіндеп 3,5 пайызға дейін төмендейді. Осыларды ескере отырып, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қалыптастыру үшін Ұлттық банк ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің болжамын әзірлеген.
«Сыртқы күтілмеген өзгерістер инфляцияның серпініне теріс әсерін тигізуді жалғастыра береді. Биылғы қазан айында инфляцияның жылдық көрсеткіші 7,1 пайызға жетті. Біздің бағалауымыз бойынша баға өсуінің негізгі әсері біртіндеп аяқталып, 2021-2022 жылдары инфляция 4-6 пайыздық дәлізге оралады.
Іскерлік белсенділіктің қалпына келуіне байланысты депозиттер мен кредиттер 2021-2023 жылдары ішкі жалпы өнімнің номиналды өсу қарқыны деңгейінде өседі.
Осы жылдың басынан сауда балансы профицитінің төмендеуі салдарынан төлем балансының нашарлағаны байқалады. 2020 жылғы 9 айда сауда балансының профициті алдын ала дерек бойынша 9,1 млрд долларға дейін, яғни 35 пайызға төмендеді. Төлем балансының ағымдағы шотының дефициті 2020 жылғы 9 айда 3,8 млрд долларға жетті. 2021 жылы төлем балансының ағымдағы шотының дефициті 8,7 млрд долларға дейін өседі», деді Е.Досаев.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы әлемдік экономиканының қалпына келуі ұзақ, әркелкі жүретініне назар аударды. Е.Досаевтың айтуынша, Қазақстандағы іскерлік белсенділікті қолдау үшін Ұлттық банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге жеңілдікті кредиттеу бағдарламаларын қаржыландырады. Бұл дағдарысқа қарсы топтаманы қаржыландырудың 50 пайыздан астамын құрайды.
«2020-2021 жылдары экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген іс-қимылдары Қазақстан экономикасының орнықты өсу траекториясына шығуына мүмкіндік береді.
Бұл жағдайларда Қазақстан экономикасын айтарлықтай әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жеделдетілген цифрландыруға бағытталған жүйелі және ұзақ мерзімді шараларды қабылдаудың маңыздылығы артады.
Бұл шаралар 2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейіндегі тұрақты төмен инфляцияны қамтамасыз ете отырып, ақша-кредит саясатының елдің экономикалық дамуына ықпал ету әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы басымдықтар Ұлттық банктің Президент Қасым Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша әзірлеп жатқан Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында көрсетіледі», деді Е.Досаев.
Шығыстың жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады
Бұдан кейін сенаторлар заң жобасын талқылауға көшті. Депутаттар тиісті министрлік өкілдеріне сұрақ қойып, өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ жалпы отырыс барысында Сенат Төрағасы М.Әшімбаев сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді.
«Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қаржыландыру жалғаса береді. Бюджетті қарау барысында алдағы үш жылда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес 2021 жылы бюджет шығыстарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индексациялауға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көбейтуге және халыққа медициналық қызмет көрсетуге бағытталады. Стратегиялық бағыттардың қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де өзекті екені белгілі.
«Еліміз үшін аса маңызды болып саналатын – инфрақұрылымды дамыту, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес айтарлықтай қаржы шағын және орта бизнесті қолдауға және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған баспана құрылысына бөлінеді», деді Сенат Төрағасы.
Келесі 2021 жылы инфрақұрылымды дамыту, газдандыру және ауыз сумен қамту жұмыстарына бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сенатор Нұрлан Қылышбаев мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және пандемиямен күрес шараларына байланысты республикалық бюджет қаражатын жұмсау тәсілдерін қайта қарау керектігін айтты.
«Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1500 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде-біреуі жұмыс істемей тұр. Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайларға жол беруге болмайды», деді Нұрлан Қылышбаев.
Одан бөлек, сенаторлар бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты бюджет шығыстарының кейбір бағыттарын қайта қарауды ұсынды. Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Айта кетерлігі, Сенат отырысына еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және видео-конференц байланысы арқылы басқа да Үкімет мүшелері қатысты.
Жалпы, отырыс барысында сенаторлар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне байланысты мәселе көтерген. Бұл сұраққа Премьер-Министр Асқар Мамин жауап берді.
«Ресми мәлімет бойынша жыл басынан азық-түлік топтамасы бойынша баға 7 пайыздан астам өсті. Бағаның негізгі өсімі төтенше жағдай кезеңінде тіркелді. Өздеріңіз білесіздер, аталған кезеңде шекаралар жабылып, тауар нарықтары шектелді. Әсіресе осының барлығы азық-түлік топтамасына, әлеуметтік маңыздағы тауарларға әсер етті. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның өсіміне байланысты теріс әсер берді», деді Үкімет басшысы
Премьер-Министрдің айтуынша, алдағы уақытта осындай теріс трендтерге жол бермес үшін Үкімет бірқатар шара қабылдады.
«Инфрақұрылымды қолдаудың маңызы бар. Біздіңше, атқарылып жатқан шаралар кешені тиісті оң нәтиже береді. Жалпы, азық-түлік топтамасындағы 29 әлеуметтік маңыздағы тауарлар бойынша позицияны қарап отырмыз. 12-сі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыз, яғни бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты. 11 тауарлық топ бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайыз. Қазір 6 позиция бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыз шамасында», деп түсіндірді А.Мамин.
Осы орайда ол импортты алмастыру мәселесін шешу үшін тиісті құжат дайындалғанын, алдағы үш жылда аталған 6 тауарлық топ бойынша импортқа тәуелділікті толықтай жою ескерілгенін жеткізді. Жиын соңында Премьер-Министр Асқар Мамин бюджет жобасын талқылау барысында Үкіметке көрсеткен қолдауы үшін Парламентке алғыс айтты.
«Бюджет туралы заң жобасы экономиканы сапалы әрі тұрақты дамытуға және ең бастысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауға бағытталған. Үш жылдық бюджетті қарау кезінде бірлесіп жасаған тиімді жұмыс үшін және Үкіметке көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді», деді Премьер-Министр.