Қазақстанда Porsche Taycan – Porsche компаниясының алғашқы толық электрлік спорттық автокөлігі сатыла бастады. Taycan презентациясы өткен жылдың күзінде Солтүстік Америкада, Қытайда және Еуропада бір уақытта өтті және 2019 жылғы әлемдік премьералардың бірі атанды. Бүгінгі күн жағдайындағы себептер бойынша электр спорткарының алғашқы партияларын Қазақстанға жеткізу біршама кідіргенімен, бұл жайт отандық автонарық үшін жарқын оқиғаның маңыздылығын төмендетпейді дейді көлік нарығын зерттеушілер.
«Коронавирустық пандемияға байланысты Германиядағы Porsche зауыты өндірісті бір айға тоқтатуға мәжбүр болды. Осы себептермен Қазақстанда Taycan сатылымының бастау мерзімін ауыстыруға тура келді. Сондықтан да бүгін біз бүкіл әлемнің автомобиль сүйер қауымын 70 жылдан астам уақыт бойы тәнті еткен бренд үшін революциялық модельдің енді ҚР-да да ресми түрде ұсынылғанына екі есе қуаныштымыз», - деп мәлімдеді Porsche-нің Қазақстандағы ресми импорттаушысы Orbis Auto автомобиль тобының бас директоры Динара Ысқақова. Porsche Taycan – бұл әдеттегі 400 вольт электромобильдің орнына жүйе кернеуі 800 вольтті құрайтын бірінші сериялық автокөлік. Бұл шешім Taycan жүргізушісіне жолда айтарлықтай артықшылықтар береді: сапар бойы жоғары қуат және зарядтау жылдамдығы. Бес минут ішінде арнайы станцияда тұрақты тоқпен зарядтау сізге 100 км-ге жету үшін жеткілікті қуатты жинауға мүмкіндік береді. Идеалды жағдайдағы зарядтау уақыты 5-тен 80 пайызға дейін 22,5 минутты құрайды, максималды зарядтау қуаттылығы (ең жоғары) – 270 кВт. Жоғары тиімді Plus батареясының жалпы сыйымдылығы – 93,4 кВт/сағ. Taycan жүргізушілері өз көлігін үйде айнымалы тоқ көзінен 11 кВт-қа дейінгі қуатпен зарядтай алады. Тұрақты магниттерден қозатын синхронды электр қозғалтқыштары автомобильдің алдыңғы және артқы осьтеріне орнатылған, тиімділігі жоғары батарея түбіне орналастырылған. Бұл тұжырымдама керемет жүріс сапасын, ұзақ қуатты, ықшам дизайндағы жоғары ПӘК-ті, динамика мен үнемділіктің үйлесімін қамтамасыз етеді. Инновациялық принциптерді қолдана отырып, тежеу энергиясын 90%-ға дейін регенерациялауға мүмкіндік беретін Porsche Recuperation Management рекуперацияны басқару жүйесі жұмыс істейді. Тежеу кезінде алдымен рекуперация режимі, содан кейін күшті бәсеңдеу қажет болса механикалық тежегіштер іске қосылады. 200 км/сағ жылдамдықтан толық тоқтағанға дейінгі бәсеңдеу кезінде рекуперация 4 шақырым жүруге жеткілікті электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Taycan Turbo S нұсқасы Launch Control іске қосылған кезде Overboost режимінде 560 кВт (761 а.к.) дейінгі қуатқа ие, ал Taycan Turbo қуаты 500 кВт (680 а.к.) құрайды. Taycan Turbo S орнынан 100 км/сағ дейін 2,8 секундта, ал Taycan Turbo 3,2 секундта қарқындай алады. Turbo S моделінің жүріс қоры 412 шақырымға дейін, ал Turbo моделінде 450 шақырымға дейін (екі жағдайда да WLTP сәйкес). Екі толық жетекті модельдің максималды жылдамдығы 260 км/сағ құрайды. Porsche Taycan 4S «жүзге» 4 секундта жетеді, көліктің максималды жылдамдығы 250 км/сағ, қуаты 390 кВт (530 а.к.). Porsche Taycan-ға алғаш рет теріні пайдаланбай жасалған әрлеу нұсқасын ұсынады. Инновациялық қайта өңделген материалдан жасалған әрлеу бөлшектері спорттық машинаның ұтымды тұжырымдамасын көрсетеді. Екі жүксалғыш бар: алдыңғысының көлемі 81 литр, артқы – 366 литр. 2020 жылы Қазақстанда Taycan 4S, Taycan Turbo модификациялары қолжетімді болады; 2021 жылы модельдік қатар Taycan 4 және Taycan Turbo S, Taycan Gran Turismo толықтырылады. Taycan 4S және Taycan Turbo моделі қара және ақ түстерде, металл эффектіндегі 11 түсте, сонымен қатар эксклюзивті көк металл, сұр металл, ашық сұр және қызыл металл емес түстерде болады. Porsche автосалонының директоры Гаухар Ғабдрахимованың айтуынша, COVID-19 пандемиясымен байланысты қиындықтарға қарамастан, брендтің қазақстандық сатылымы 2020 жылы өсімді көрсетті. «2020 жылдың бірінші жартысында Porsche сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға артты: 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында ресми импорттаушы Қазақстанда 34 автомобильді, ал осы жылдың алты айында 43 автокөлікті сатты. 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 58 автокөлік өз иелерін тапты, ал биыл карантинге қарамастан, біз 93 Porsche көлігін саттық. Taycan-ның қазақстандық сатылымдары біздің үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Сонымен қатар, 2020 жылдың соңында біз Porsche-нің тағы бір жаңалығын – жаңартылған Panamera GII күтеміз», - деді Гаухар Ғабдрахимова. Taycan 4S бағасы комплектациясына байланысты 100 мың еуродан, ал Taycan Turbo 145 мың еуродан басталады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Porsche-нің үш электркары сатылды, жыл соңына дейін ресми дилер тағы бір Taycan сатуды жоспарлап отыр, 2021 жылға арналған сату жоспары – 15 автокөлік.