«Ұстаздар үйінде» қашықтықтан оқыту жағдайындағы біліктілікті арттыру курстарының жұмысымен, сондай-ақ педагогтарды қолдаудағы іс-шаралармен таныстыру мақсатында өткен кездесуге қалалық білім саласының басшылары қатысты.
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева, Жалпы орта білім бөлімінің басшысы А.Айтуарованы «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары И.Самсаев, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ директоры Р.Садвакасова Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының 60 жылдық мерейтойы қарсаңындағы шаралармен және де ағымдағы жұмыстар барысымен таныстырды.
Осы кездесуде «М.Монтессори» кабинетінің жетекшісі С.Мусина Монтессори технологиясын қолдану әдіс-тәсілдерінің бала тәрбиесіндегі маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық жетекшілік ету кафедрасының аға оқытушысы Қ.Нұрлыбаев біліктілікті арттыру саласын цифрландыру аясындағы «Робототехника негіздері», STEM, STEAM оқытуға арналған курстарға тоқталып, курс тыңдаушыларының шығармашылық қабілеті мен әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін алдыңғы деңгейлі LEGO® MINDSTORMS® EV3 оқу конструкторлары мен Arduino контроллерін пайдаланып жүргізген тәжірибе жұмыстары туралы жан-жақты баяндады. Ақпараттық-коммуникациялық орталықта Кітапхана ісі жөніндегі бас маман Н.Қарабалаева «Институт кітапханасы» айдарындағы жаңашылдық қадамдарының мүмкіндіктерімен таныстырды.
Бүгінгі заман талабына сәйкес жабдықталған Бейне және дыбыс жазу студиясының инновациялық жетістіктерімен, жаңашыл бастамаларымен таныстыру барысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Инновациялар және қоғаммен байланыс департаментінің директоры К.Көпбаева орталықтың әлеуметтік желілерге ақпарат орнату жұмыстарына жан-жақты тоқталды. Бүгінде қашықтан оқу жағдайында мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, ұлттық орталықтың оқытушылары мектептердің үздік ұстаздарымен бірлесе отырып жаңа оқу жылының 1-ші тоқсан бағдарламасына сәйкес пәндер бойынша 5000-ға жуық цифрлық сабақтардың контенті дайындалып You Tobe-те Өрлеу білім каналына орналастырылған. Сондай-ақ Facebook және Instagram-дағы «Онлайн вебинар», «Курстардағы қызықты сәттер», «Ұстазға көмекші ресурстар», «Тренерлермен онлайн кездесу», «IT фишка», «Қашықтан оқыту кезіндегі кибер қауіпсіздік» сынды рубрикалар, апта сайын профессор-оқытушылар мен мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тренерлердің тақырыптық вебинар-кеңесі ұстаздардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылуда. Қашықтан оқыту бойынша мұғалім біліктілігін арттыру үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Қашықтан оқыту: сабақты әзірлеуден білім беру процесін ұйымдастыруға дейін» тақырыбында 5-қыркүйектен бастап ашық онлайн курстары жалғасын табуда.
Ал мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы туралы құнды деректерді топтастырған заманауи үлгідегі мұражаймен институт директорының орынбасары И.Халитова таныстырды. Кездесу қонақтары мұғалімдердің біліктілігін бүгінгі талап деңгейінде арттыруда бар мүмкіндіктерді қарастырған «Өрлеудің» өрелі істеріне ризашылығын білдірді.
Алматы