ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті науқастар үшін қан тапсырып, аймақтағы барлық мемлекеттік қызметшілерді осы акцияға қатысуға шақыруда. Акция агенттіктің #Игіістеруақыты бастамасы аясында өткізіліп отыр.
Облыстық қан орталығының мамандары қазір өңірде қан тапшылығы байқалып отырғанын айтады. Тұрақты донорларға деген сұраныс өте жоғары. Орталық мамандарының айтуынша, күн суытқалы тұрғындар арасынан орталыққа өз еріктерімен келіп, қан тапсыратындар да азайған.
Осыған орай, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызметкерлер арасында бастама көтеріп отыр. Өзге әріптестеріне үлгі ретінде департамент басшысы қызметкерлермен бірге қан тапсырды. Акцияға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының қызметкерлері де атсалысты.
"Биылғы жылды Мемлекет басшысы "Еріктілер жылы" деп жариялауына орай осындай бастама көтеріп отырмыз. Бастаманың мақсаты - облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілерді ерікті қан доноры болуға шақыру. Сол арқылы халық арасында донорлықты насихаттау. Қан тапсыру әрбір адамның қолынан келетін іс. Қиналған жандардың өміріне үміт сыйлайтын игілікті бастамаға әріптестеріміз барынша қолдау білдіреді деп сенемін, – деді департаменттің басқарма басшысы Ғалымжан Ілкібаев.