18 қараша күні кешкі мезгілде облыстық жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығының қызметкерлері Тасбөгет кентінде сексеуіл тиеп алған «Газель» автокөлігін тоқтатады. Алайда автокөлік жүргізушісі қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай қашып, бір үйдің алдына барып тоқтап, қасындағы жолаушы екеуі орманшыларға күш қолданып, дене жарақаттарын салған.
Осыдан кейін орманшылар оқиға жайлы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына хабарлайды.
Хабарлама бойынша барған полицейлер көп ұзамай әлгі азаматтарды ұстады.Тексеру барысында күдіктілер 33-34 жастағы қала тұрғындары болып шықты. Қазір олар қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Айғақ зат ретінде оқиға орнынан 50 қап сексеуіл алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380 бабының 2 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.