• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қараша, 2020

Азамат соғысынан босқындар жапа шекті

388 рет
көрсетілді

Эфиопиядағы азаматтық соғыс тоқтайтын түрі жоқ. Нәтижесінде, ел аумағында орналасқан босқындар лагеріне жол жабылып, ондағы азаматтардың күнкөрісі нашарлап кетті.

Кеше БҰҰ Эфиопия үкіметіне елдегі 4 лагерьге апарар жолды ашуды тапсырды. Мемлекеттегі шие­леніс салдарынан гуманитарлық көмекке зәру топпен байланыс үзілген. Олар бірнеше айдан бері еш көмек ала алмай келеді.

БҰҰ-ның босқындар мәселесі бойынша Эфио­пия­дағы өкілі Энн Енконтр «Гуманитарлық көмекті жеткізу қиындап кетті. Босқындармен байланыс үзіліп, шамамаен 100 мың эритреялық азық-түліксіз қал­ды», дейді.

Азық-түлік жеткізуді былай қойғанда, кейінгі күн­дері олардан хабар алу да мүмкін болмай кеткен. «Біз­дің байланыспағанымызға 2 күннен астам уақыт өтті. Жағдайды түзеуді, босқындармен байланыстыруды сұраймыз», дейді Э.Енконтр.

БҰҰ дерегіне назар салсақ, 2018 жылдан бері 507 мыңға жуық эритреялық елінен кеткен. Бұл дегеніміз – жалпы халықтың оннан бір бөлігі.

Халықаралық ұйымдар олардың Эфиопияға жай­ғасқанын құп көрді. Өйткені мұндағылармен тілі ұқсас, салты бір. «Қалыпты өмірін күрт өзгерту де лагерьлерге ауыр соққы. Сондықтан өз мемлекетіне мейлінше жақын мемлекеттерде лагерь құру босқындар үшін тиімді», дейді БҰҰ өкілдері. Ал енді Эфиопияның Тиграян елді мекенінде азаматтық соғыс жүріп жатыр. Эфиопия үкіметі тиграяндықтарға қарсы этностық қысым барын жоққа шығарып, елдегі шиеленісті түсінбеушілікке балады. Кей мәлі­меттерге сүйенсек, Эфиопия үкіметі лагерьдегі босқын­дарды да соғысқа үгіттеген. Босқындар «Эри­трея мен Эфиопияда ешқа­шан тыныштық орнамайды», деп күрсінеді.