Мал ұрлығына байланысты заң біршама қатайғанымен, өңірде мал ұрлығы тыйылмай отыр. Соғым науқаны қарсаңында өршіп кететін әдеті еді. Биыл да бұрынғының кебін кимесек жарағаны.
Таяуда малын ұрлатып, өкініші өзегін өрттеген жеті бірдей шағым түсіпті. Абырой болғанда, полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылының арқасында жоғалған мал табылып, иелеріне қайтарылды. Онда да уақытында хабар бергендерінің арқасында. Ал жайылымдағы малдың жайы бөлек. Үйір ішіндегі жылқыны түгендеу қиын. Табылып қалар деген үмітпен жылқышылар құрық сүйретіп бірер күн өздері іздейді. Маңайдағы жылқы баққан қауымнан сұрастырады. Оған шейін із басылады. Былтыр дәл осындай 32 дерек тіркелген. Қазір мал ұрлығының алдын алуға бағытталған кешенді шара жүргізіліп жатыр.
–Жуырда Краснояр елді мекенінен жайылымдағы жылқының жоғалғандығы туралы суыт хабар түсті. Жедел іздестіру шараларын жүзеге асырудың барысында жоғалған мал табылды, – дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бөлімше бастығы Қанат Ахметов.
Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мал тасымалдайтын автокөліктерді тоқтатып, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Таяуда заң бұзғаны үшін әкімшілік 2 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Өңірге ет өнімдері іргелес аудандар мен көршілес Солтүстік Қазақстан өңірінен де жеткізіледі. Егер құжаттары болмаса, сойылған малдың кімдікі екенін анықтау қиын. «Алдырған албырт» дегендей, мал иелерінің өздері күнкөрісін ажыратып отырған ақ-адал малына абай болғандары жөн.
Көкшетау