• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 23 Қараша, 2020

Президент жаңа мектепке Абай есімін беру идеясын қолдады

643 рет
көрсетілді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. «Сарыарқа» әуежайында Президентті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары облыс орталығында жаңадан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны аралап көруден басталды. Бұл жерде Президент білім ордасындағы оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысып, бастауыш сынып оқушылары оқитын кезекші сыныптарды аралады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысына заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-зертхана, робот-техника және зияткерлік бөлмелер, мектеп телестудиясы мен медиастудия көрсетілді. Мектепте сабақтан тыс ұйымдастырылатын үйірме жұмыстары үшін ART-студия және хореография залы салынған. Жалпы бұл мектеп үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге игі ықпалын тигізетін нысан. Мұнда жақын жерлердегі қазақ мектептерінен 900 оқушы ауыстырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мектеп-гимназияға Абай Құнанбайұлының есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Білім ұясы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады деген сенім бар. Мектеп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткізіп тұруға арналған 700 орындық акт зал бар. Оның іші Абай шығармашылығымен безендірілген.

Президент облыста пандемия кезіндегі оқу үдерісінің қалай ұйымдастырылып жатқанын сұрады. Қазіргі таңда өңірдегі  504 мектепте 204 мың шәкірт, соның ішінде, бірінші сыныптың 22 мың оқушысы білім алып жатқандығы хабарланды. Сондай-ақ, өңірдегі оқушы саны 300-ден аспайтын 279 мектеп штаттық режімде жұмыс істейді. Мұндай білім мекемелерінде 29 мыңға жуық оқушы оқып жүр. Бастауыш және бесінші сынып оқушылары үшін 6166 кезекші сыныптар ұйымдастырылған. Бұл сыныптарда 77 мыңнан астам бала оқып жатыр. Айта кететін бір жайт, білім беру мекемелерінің бәрінде  санитарлық режім барынша күшейтілген.