Орыстың белгілі ақыны Евгений Евтушенко Ресей Жазушылар одағын қайта жаңғыртуды талап етті. Оның сөзіне қарағанда, Мәскеуде басшылығы және әдеби қоры бар біртұтас ұйым болуға тиіс. Бұл туралы «Новые Известия» газеті хабарлады.
Айтулы ақынның осыны талап еткен мақаласы «Литературная газетаның» 27 қараша күнгі нөмірінде жарық көрді. Онда автор ұйымның «өз әріптестерін ұлттық немесе саяси жағынан қорлауға жол берген кез келген мүшесін өз қатарынан шығар алатын біртұтас этикалық кодексі» болуы тиіс екенін қадап айтқан.
Е.Евтушенконың пікірінше, КСРО Жазушылар одағы тарағаннан кейін, бір-бірімен жауласушы ұйымдардағы (Ресей Жазушылар одағы мен Орыс жазушыларының одағын айтып отыр) «мүшелердің сандық мөлшері күрт артты да, сапасы солайша күрт түсіп кетті». Бұдан әрі ол одақтардың қалай құлағандарын, әдеби қордың қалай болды болғанын баяндап өтеді. Соңында ол біртұтас одақтың қалайда керек екенін алға тартады. «Ол қазір сұмдық түсіп кеткен сапалық деңгейді көтерер еді», - деп түйіндейді қаламгер.
КСРО-да Жазушылар Одағы 1934 жылы құрылған еді. Ал 1991 жылы Кеңес Одағының тарауымен бірге ол да тәуелсіздік алған әр мемлекетке бөлініп кетті. Сол дүрбелеңнен кейін Ресейде екі жазушылар одағы пайда болған. Оның бірі «патриоттық» (бұрыннан келе жатқаны) және «демократиялық» (сол кезде құрылғаны) бағыт ұстады. Бірақ «бір тойда екі жаршының болмайтыны» рас екен, бірі-бірімен ұстасқан ұйымдар ақырын бір бірін жойып тынды.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: Новые Известия.