Денсаулығыңыз жарап тұрса, өзгеге өмір сыйлағанға не жетсін. Қан тапсыру қайырымы мол қадам әрі бұл істің адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Осыны ескерген алматылық жасотандықтар жақсы бастаманы қолға алды. Белсенді жастар «Мен жауапты донормын» акциясы аясында 10 литр қан тапсырды.
Сауапты іске үн қосқан отыз донордың арасында еріктілер де бар. Алматы қалалық қан орталығының ұжымы шарапатты шараға белсене қатысқан донорларға дән риза. Өйткені бүгінгі таңда өз еркімен қан тапсыратындардың қатары сиреген. Ал ауруханаларда сирек қан тобындағы қаншама науқас жәрдемшісін күтіп зарығып жатыр.
– Бұл менің алғаш рет қан тапсыруым емес. Жарты жылда бір рет қан орталығына келу өмір салтыма айналған. Донорлықтың пайдасы туралы көп оқыдым. Әрине дені сау адамға бұл тек пайда әкеледі. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жасқарып, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік ауруларына шалдықпайды. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады. Мұндай акциялар алдағы уақытта да өткізілетініне сенемін. Біз барлығымыз бірігіп, қанға мұқтаж жандарға көмек көрсете аламыз. Барша алматылықтарды қан тапсырып, жақсылықта жарысуға шақырамын, – дейді қала тұрғыны Ақбота Бүркітбаева.
Акция қан донорлығына жастардың назарын аударуға және дені сау азаматтарды игі іске құлағдар етуге бағытталған. Орталық мамандарының айтуынша, алматы қаласында қан тапсыруға келетіндердің дені жастар.
АЛМАТЫ