Былтыр Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумы өткен еді.
Әдеби басқосудың нәтижесі ретінде, күні кеше ғана семейлік жас ақын Бауыржан Игіліктің жыр кітабы жарыққа шықты.
«Тағдыр көзі» деп аталатын жаңа жинаққа автордың лирикалық өлеңдері мен балладалары һәм «Медея» поэмасы еніп отыр. Сондай-ақ кітап белгілі меценат Нұрлан Дулатбековтің демеушілігімен, Қасым сериясымен «Болашақ» баспасынан 1000 данамен жарық көрді.
Айта кетейік, әдеби форумның аясында екі жас ақынның кітабы шығарылатын болған еді. Бауыржан Игіліктің өлеңдер жинағы оқырман қолына тисе, ал екінші автор – маңғыстаулық Еділбек Дүйсеннің кітабы меценат Бекзат Алтынбековтің қаржыландыруымен алдағы уақытта жарыққа шықпақ.