Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен оны қостаған халқының сан тарау жолдарды басынан өткергендігі жөнінде мол мағлұматтар ала аламыз. Осы жолда ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген халықты сақтап қалу тек сырттан төніп келген жауға найзаның ұшымен, білектің күшімен ойсырата соққы берген білімі мен білігі, жауына бас имес қайтпас қайсар қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болған, дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сол ауыр жүк Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының иығына түсті. Президентіміз Қарулы Күштердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын терең түсініп, тәуелсіз елдің қорғаныс саласының қалыптасуы мен дамуына күнбе-күн көңіл бөліп, тікелей басшылық жасап келеді.
Елбасымыз «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Менің әскери мәселелерге тоқталуым тегін емес. Бәрінен бұрын осы әскери-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мемлекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық-саяси жүйелердің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын.
Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен оны қостаған халқының сан тарау жолдарды басынан өткергендігі жөнінде мол мағлұматтар ала аламыз. Осы жолда ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген халықты сақтап қалу тек сырттан төніп келген жауға найзаның ұшымен, білектің күшімен ойсырата соққы берген білімі мен білігі, жауына бас имес қайтпас қайсар қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болған, дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін сол ауыр жүк Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының иығына түсті. Президентіміз Қарулы Күштердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын терең түсініп, тәуелсіз елдің қорғаныс саласының қалыптасуы мен дамуына күнбе-күн көңіл бөліп, тікелей басшылық жасап келеді.
Елбасымыз «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Менің әскери мәселелерге тоқталуым тегін емес. Бәрінен бұрын осы әскери-техникалық және әскери-стратегиялық салада қоғамның, мемлекеттің, экономиканың, тіпті, тұтас қоғамдық-саяси жүйелердің шын қауқары анық көрінеді», деп жазған болатын.
Иә, жас мемлекеттің Қарулы Күштерінің қалыптасуы баршамыздың көз алдымызда өтіп жатыр. Мәселен, 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заңға қол қойылса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін барша әлемге жария етті. Міне, сол күндерден бастап Тұңғыш Президентіміз елдің Қарулы Күштерінің қалыптасуына белсене араласып, оны замана талаптарына сай жоғары сапада жетілдіру мәселесін қолға алды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан Қарулы Күштерінің жағдайы тым төмендеп кеткен еді. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген елдің өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын қуатты қорғаны – Қарулы Күштері болуы өмірлік маңызды міндет еді. Жаңа үлгідегі армия құру үшін ең алдымен әскери құрылыстың заңнамалық негізін, тұжырымдамасы мен тетігін жасау қажет болды. 1991 жылғы 25 қазанда Қазақстан Президенті осы игі мақсат жолындағы ең алғашқы қадамын жасады, сөйтіп, бұл күні Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі, менің ұстазым таяуда ғана арамыздан кеткен Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Аз уақыт ішінде комитеттің негізгі лауазымдары тәжірибелі офицерлерден жасақталып, жұмыс қызу жүріп жатты.
Бұл кезде ел аумағындағы әскери құрылымдардың көпшілігі Орталыққа бағынатын Түркістан әскери округіне қарайтын. Сондықтан олардың басшылығымен тиісті байланыс орнату да Мемлекеттік қорғаныс комитетіне оңайға түскен жоқ.
1992 жылғы 7 мамырда Президентіміз тәуелсіз елдің әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы келесі шешуші құқықтық акт – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды құжат Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер мен оның бүкіл мүлкі республиканың құзыретіне көшетінін анықтап берді. Осы күні Мемлекет басшысы жас мемлекеттің қорғаныс саласындағы тағдыры үшін өте маңызды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз елдің алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Қ.Нұрмағамбетов тағайындалды.
Осы кезең туралы Халық Қаһарманы С.Нұрмағамбетов кезінде былай деп жазған еді: «Елбасының Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығы шыққаннан кейін ұйымдасып, қажырлы еңбектену қажет болды. Біз әскерлер арасында үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарды. Ол уақытының аздығына қарамастан барлық үлкен гарнизондарда болып, әскери бөлімдер басшыларымен, жеке құраммен және олардың отбасыларымен кездесті, сондай-ақ, олардың оқу-жаттығуларына да қатысты. Мемлекет басшысы жас мемлекеттің қорғаныс саласының тағдырына қатысты: «Ешкім сендерге тимейді. Сендер басқарып отырған орындарыңда боласыңдар. Қаржыландыруды біз қамтамасыз етеміз. Ескертемін, бірақ бірде-бір «ине» жоғалмайтын болсын», – деді. Еліміздің Қарулы Күштерін құра отырып, біз әскерді одан әрі қарай дамытуды да ойладық».
Президент Жарлықтары мен Өкімдері негізінде Қорғаныс министрлігінің басқарушы құрамы жасақталды. Министрдің бірінші орынбасары болып Сейілбек Алтынбеков тағайындалды, кейіннен, оның Республикалық ұланға қолбасшылыққа ауыстырылуына байланысты бұл лауазым Әлібек Қасымовқа жүктелді. Әр жылдары Анатолий Рябцев, Тоқтар Әубәкіров те бұл жоғары лауазымды атқарды. Министрдің орынбасары болған әрі Қарулы Күштер түрлерін басқарған Мұхтар Алтынбаев (Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қолбасшысы), Алий Волков (Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы), министрліктің басты бағыттардағы жұмысын басқарған Айтқали Исенғұлов, Сабыр Темірбеков, Валерий Сапсай секілді офицерлер де жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс ісінің қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуіне үлесін қосты.
Әрине, Қазақстанның кең-байтақ жерінде көптеген әскери бөлімдер, базалар, ғарышты зерттеу және әуе шабуылына қарсы қорғаныспен де айналысатын түрлі әскери-зерттеу нысандары мен полигондары орналасқан болатын. Кеңес Одағының Қазақстанда қалған әскери «мұрасында» мемлекеттік тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуші әскери құрылысты қалыптастыру мен жан-жақты дамыту үшін не қажеттің бәрі бар еді.
Алдымен Қазақстан армиясы Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-теңіз күштері секілді дәстүрлі төрт түрінен тұрды.
Елбасы өз еңбектерінде Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде еліміз бастан кешкен қиындықтарды еске алып отырады. Әрине, жас мемлекеттің алғашқы қалыптасу жылдарында түрлі қиындықтар болмай қалған жоқ. Сондайда кейбір сарапшылар буыны әлі қатаймаған елде күрделі әлеуметтік-саяси, ұлтаралық кикілжіңдер болуы мүмкін деген қауіптің де шетін шығарып жүрді. Расында да, бұл кездері бұрынғы Кеңес Одағының көптеген аймақтарында ұлтаралық қақтығыстар бой көрсете бастаған еді. Осындай күрделі жағдайларда қазақстандықтар өздері риясыз сенген көшбасшысымен бірге еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық бейбітшілікті сақтап қала алды. Оған қоса 1993 жылы 11 ақпанда Президентіміз бекіткен алғашқы Әскери доктрина Қазақстанның соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне, басқа мемлекеттердің мүдделері мен қауіпсіздігін ескере отырып, өзінің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарастарын, бағыт-бағдарын анықтап берді. Алғашқы Доктринада: «Президент Жоғарғы Бас қолбасшы болып табылады, ол елдің қорғанысы мен Қарулы Күштеріне жалпы басшылық жасайды», – деп атап көрсетілді.
Әскери доктринаны жүзеге асыру үшін бірқатар әскери заңдар қабылдау қажет болды. Соған байланысты қысқа мерзімде әскери мәселеге қатысты бірнеше заң қабылданды. 1993 жылғы 9 сәуірде Президент мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, басқа да көптеген құжаттарды әзірлеуге негіз болған «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға қол қойды. Қарулы Күштердің құрамы: Әскери басқару органдарынан, Құрлық әскерлерінен, Әскери-әуе күштерінен, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінен, Әскери-теңіз күштерінен, Тылдан тұратын болып бекітілді. Ал соғыс болған жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, Республикалық ұлан және Азаматтық қорғаныс басқармасы мен бөлімдері де Қарулы Күштер қатарына кіретіні айқындалды.
Қарулы Күштер құрылған күннен бастап Елбасы қорғаныс жүйесі басшылығындағы лауазым иелеріне тәуелсіздігімізді қырағы қорғау қажет екенін үнемі еске салып келеді. 1992 жылы 8 желтоқсандағы Қарулы Күштер басшылық құрамының командирлік жиынына қатысушылар алдында алғаш рет Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан бізге ел егемендігін қорғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп беретін, саны аз болғанмен, сапасы биік заманауи әскер қажет», – деді. Міне, сол кезден бастап күні бүгінге дейін Мемлекет басшысы Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың қалыптасу үдерісіне белсене қатысып, әскеріміздің даму бағыттарын айқындайды, ұлттық қауіпсіздіктің жаңа тетіктерін белгілейді, жас мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған істердің сапасын ұдайы арттыруды ведомство басшыларынан талап етіп, осы мақсатта олардың алдына нақты міндеттер қойып келеді.
Үнемі уақыт талабына сай оңтайлы шешім қабылдайтын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылғы 17 қарашада Қарулы Күштер құрылымына елеулі өзгерістер енгізген Жарлыққа қол қойды. Әуелі Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың қызмет ауқымы ажыратылды. Қорғаныс министрлігіне әскери-саяси басшылық жасау, елдегі қорғаныс құрылысын ұйымдастыру және Қарулы Күштердің түрлерін басқару жүктелді. Бас штабқа Қарулы Күштерді шұғыл-стратегиялық қолданушы орган қызметі тапсырылды. Сондай-ақ, Қарулы Күштер үш түрлі құрамнан: Жалпы мақсаттағы күштер, Әуе қорғанысы күштері, Мемлекеттік шекараны қорғау күштерінен тұратын болып бекітілді.
Осы өзгерістердің барлығы: «Басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да өзінің қорғанысқа қабілеттілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұраттарының бірі деп санайды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау», – деген Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жіті қадағалауында болды.
Мемлекет басшысы елдің әскери қауіпсіздігінің сыртқы және ішкі қатерлерін ескеретін жаңа Әскери доктринаның қажеттігін терең сезінді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында қабылданған бірінші әскери доктринаның көптеген бағыт-бағдары Қазақстанның геосаяси жағдайында болып жатқан өзгерістерге, оның экономикалық мүмкіндіктері мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнген жаңа қатерлерге сай болмай қалды.
Әскери саланың басты құжатына сәйкес Қазақстан әскерінің құрылымында күрделі өзгерістер жүзеге асты. Президентіміздің 2000 жылғы 6 шілдедегі Жарлығы негізінде Қазақстан Қарулы Күштері екі түрлі құрылымға оралды (Жалпы мақсаттағы күштер және Әуе қорғанысы күштері). Жалпы мақсаттағы күштер құрамы Зымырандық әскерлер мен артиллерия және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері болып ажыратылды. Қарулы Күштер әскерлерінің дербес Аэроұтқыр әскерлері құрылды. Жаңа әскери-аумақтық құрылымға өту іске асырылды, әскери округтер құрылып, әскерлердің құрамы бекітілді.
2000-2002 жылдар аралығында Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық әскери округтері құрылды. 2001 жылғы 7 мамырда Оңтүстік, Шығыс, Батыс округтерінің қолбасшылары және Астанада жаңадан құрылған Ұтқыр күштер өкілі салтанатты жағдайда өз әскерлерінің Жауынгерлік туларын Президенттің қолынан қабылдап алды.
Қазақстан халқына Жолдауында да Президентіміз жаңа мыңжылдықта тәуелсіз Қазақстан армиясының қандай болатынына тоқталып, жеке құрамның даярлығына қойылатын талаптарын жеткізді. Онда Қазақстанның ХХI ғасырдағы жауынгерінің Отанына адал, жан-жақты білімді, денсаулығы мықты, келбеті келіскен бейнесін сомдауды бүгіннен бастауымыз қажет екендігін айтты. Соған сай Елбасы Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап бүгінге дейін Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың замана талабына сай екпінді дамуына, әлемнің озық елдері деңгейіне жете алуына қолдау көрсетіп, жан-жақты жағдай жасауда.
Бұл орайда, Елбасымыз мемлекет өмірінің басқа салалары секілді қорғаныс саласындағы сұрақтар мен мәселелерге де терең бойлап, жан-жақты сарапқа салуымен ерекшеленеді. Ол егемен Қазақстан армиясының даму үдерісінен үнемі хабардар және елдің әскери күш-қуатының арту барысының басты куәгері.
Мемлекет басшысы әскер түрлерінің дамуына асқан іскерлікпен мән береді, олардың жеке құрамымен жиі-жиі кездесіп, маңызды әскери жаттығуларға қатысады. Ел Президентінің әртүрлі деңгейдегі әскери жаттығуларға қатысуы, бөлімшелердің жауынгерлік даярлық деңгейін бағалауы жауынгерлерді жаңа жетістіктерге жетелейді, олардың санасында патриотизм, Отан алдындағы борыш сезімдерін бекітіп, Қазақстан мемлекеті мен оның әскерінің жарқын болашағына деген сенімін нығайтады. Мәселен, Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың өзі 2013 жылғы 9 мамырдағы әскери шеруге қатысып, Жамбыл облысындағы Гвардейский кентінде болуы, әскери саладағы соңғы техникалар ашық алаңқайда сыналған кезде, оған жақсы баға беруі еліміздің қорғаныс саласына деген шынайы қамқорлығының көрінісі.
Президент жаңа қатерлер мен сынаққа толы, мына аумалы-төкпелі замана ағымына сай әскерилердің жедел әрекет ете алуына мән беру қажеттігін баса айтты. Өйткені, бүгінгі күні жаһандағы және аймақтағы ахуал тұрақты емес, сондықтан дер кезінде қамданып, тиісті шара қолданудың, тосын жайларға әркез дайын болудың маңызы зор.
Егемен Қазақстанның Қарулы Күштері кез келген жағдайда Жоғарғы Бас қолбасшы қойған міндеттерді мүлтіксіз орындауға қабілетті. Бүгінгі әскеріміз мемлекетөтің әскери қауіпсіздігіне сенімді кепіл бола алады. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның Қарулы Күштері кеңестен кейінгі кеңістіктегі озық үштіктің қатарында, ал Орталық Азия аймағында біздің армия ең үздік деп танылды.
Тәуелсіздігіміздің арқасында Алтай мен Атырау арасын, кең байтақ Сарыарқаны мекен еткен Қазақстан – бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекетке айналды. Татулық пен бірлікті ту еткен Елбасымыз ұлы көшті сенімді бастап келеді.
Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлі туралы баяндайтын «Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» деп аталатын еңбегімді жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жазып ұсындым. Аз да болса осы еңбегім арқылы өскелең жас ұрпақ Қазақстан Қарулы Күштерінің бір күнде құрылмағанын, оның өзіндік тарихы бар екенін біле жүрсін деген ниеттен туындаған еді.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
депутаты, Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.