Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген "Астық туралы" заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Нығматулин бірінші кезектегі әлеуметтік сұрақ осы астық мәселесі екенін айтты.
"Соңғы кезде пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер шектеу режімдерін енгізді. Сауда-экономикалық байланыстар азайды. Бұл жағдай, әрине, азық-түлік мәселесіне де әсер етеді. Ал, астық мәселесі – ол бірінші кезектегі әлеуметтік сұрақ. Сондықтан осы Заң жобасында қаралған астық қорларын сақтауды мемлекеттік қамтамасыз ету, осы саладағы оператордың мәртебесін анықтау туралы нормалар өте маңызды, бүгін өте керек нәрсе", дейді Мәжіліс спикері.
Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде елді азық-түлік астығымен кепілді түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының мәртебесі мен рөлін заңнамалық тұрғыдан айқындау мақсатында әзірледі.