• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2013

Жаңа технологиялар журналистиканы да өрге сүйрейді

536 рет
көрсетілді

Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту мәселелері жөніндегі дәстүрлі конференция аяқталды. Жыл сайын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастыратын Медиа-құрылтай биыл «Контент, технология­лар және табыс табу үрдістеріндегі өзгерістер» тақырыбын өзіне арқау етті.

Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту мәселелері жөніндегі дәстүрлі конференция аяқталды. Жыл сайын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастыратын Медиа-құрылтай биыл «Контент, технология­лар және табыс табу үрдістеріндегі өзгерістер» тақырыбын өзіне арқау етті.

Медиада болып жатқан өзге­ріс­терге технологиялардың дамуы секілді көптеген факторлар әсер етеді, оның нәтижесінде ауди­торияның таңдауы өзгеріп, жарнамалық бюджеттер қайта үлестіріледі, жаһандану үрдістері жүріп, нарыққа жаңа ойыншылар шығады. Мемлекет Қазақстанда медианы дамыту үшін не жасап жатыр? Жетекші медиалардың менеджерлері нарықтағы өзге­рістерге қандай баға беріп отыр? Медиа мамандары келешекте қа­жетке ие кәсіп иесі болу үшін нені үйренуі тиіс? дейтін сауалдар төңірегінде 250-ден аса маман пікір алмасты. Олардың арасында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының – республикалық және аймақтық ТВ арналарының, баспа БАҚ, ақпараттық агент­тік­тер мен порталдардың құрыл­тай­шылары мен басшылары, сондай-ақ, Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің, салалық қауым­дастықтар, жарнамалық агент­тіктер, талдау және зерттеу құ­ры­­лымдары, қазақстандық және халық­аралық үкіметтік емес ұйым­дар, ЖОО-лардың өкілдері және т.б. бар.

– Алтыншы рет өткізілген «Ме­диа-құрылтай-2013» ақпарат кеңіс­тігіндегі мәселелерді ортаға салып, көтерілген тақырыптар аясында айтыс-тартысты түрлі көзқарастардың айтылуына мүм­кін­дік туғызды. Бүгінде медиатехнологиялар өте жылдам өзгеруде, бұл өз кезегінде медианарықтың дамуына әсер етіп, бұл БАҚ-тардың осы технологияларға ілесуін талап етуде. Осы мәселелерге орай алыс-жақын шетелдерден көп­теген сарапшылар шақырылып, олар қызықты мәліметтерді ортаға салды. Қарап отырсақ, БАҚ-тың қандай түрі болмасын – радио, газет, телевизия делік, бірақ, бірінші кезекке контент, яғни мазмұн шығады. Ең бас­тысы, ақпаратты тұтынушы нені қажет ететіндігін өте жақсы білуге тиістісің. Кө­рер­­мен­нің де, оқырманның да сұ­ра­ны­сын жақсы меңгеріп, өзің ұсы­нып отырған ақпаратты қалай жет­кі­зетініңді және тұтынушы оны қа­лай пайдаланатынын білуің қажет.

Сол сияқты, мемлекеттік тапсырыс төңірегіндегі талқылаулар жүріп, оның тиімсіз таратылатыны сөз болды. Шындап келгенде, мемлекеттік тапсырыс бойынша дайындалған материалдарды өте қызғылықты, оқырман мен көрерменнің көкейінен шыға­тындай етіп ұсынуға болады. Өкі­ніш­ке қарай, қазір мемлекеттік тап­сырысты орындайтын БАҚ оны мүддеге сай қызықты етіп жасай алмай отыр. Жүрдім-бардым жасайды. Сондықтан, қазақстандық БАҚ контентін өткір сынға алған Елбасының ескертпелері негізді деп есептейміз, деді Қазақстан Бас­пасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.

Кезекті Медиа-құрылтай қазақтілді БАҚ мәселелерін де айна­лып өткен жоқ. Іскерлік журналистикаға арналған секцияда қазақтілді сегментте экономикалық, қаржылық және іскерлік журналистика өте баяу дамып жатқаны талқыланды. Оған қоса мультимедиалық технологияларды пайдалана отырып, таралымды көбейту, жаңа жарнама берушілерді тарту тәжірибесі айтылды. Өйткені, қазіргі үдерістер жарнама көбінесе интернет-ресурстарға құйылып жатқанын көрсетуде. Сондықтан газет-жур­нал­дарда ғаламтор көмегімен қар­жы көздерін ұлғайту үшін онлайн-нұс­қаларын дамыту қажет­тігі көрінуде.

– Мұнан да бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама сату өте тиімсіз жүріп жатқаны қызу талқыланды. Мәселе жарна­маға бөлінетін қаражаттың жо­ғында емес, кілтипан БАҚ оны дұрыс сата алмай отырғандығында, – деді Әсел Қарауылова.

Сондай-ақ, Медиа-құрылтай шеңберінде сандық теледидар­ды ендіру және іскерлік журна­лис­тиканың келешегі секілді саланың маңызды тақырыптары бойынша пікірталастар жүріп, таяу­да ғана Қазақстанда пайда болған контенттік Интернет-форматтар мен дамып жатқан жобалар таныс­тырылды. Телеарналардың басшылары қазіргі заман теледидары үшін қандай контентті өндіру қажет екендігі туралы айтып, қазақ тіліндегі теледидарды дамытуға қатысты көзқарастарымен бөлісті. Жеке бір секция медианың онлайн іс-шараларына, әлеуметтік жобаларға арналады.

Оксана Силантьеваның «Муль­ти­­медиалық жобалар» атты шебер­лік-сыныбына қатысушылар Ре­сей, Еуропа, Америка және Азия жур­налистерінің күшімен жасал­­­ған мультимедиалық жоба­лар­дың мысалдарын көрді. Ме­диа-жаттықтырушы Гүлім Әмір­ханова «краудфандинг» тер­минінің астарында қандай мағына жатқанын және бұл қайырымдылықтан несімен ерекшеленетінін түсіндіріп берді, ал Регина Юркинаның ше­бер­лік-сыныбы қазіргі заман теледидарын ілгерілетудің тәжірибесіне арналды.

Қысқасы, кезекті Медиа-құ­рыл­тай ақпараттық технология­лар қаншама қарыштаса да, журналис­тика өзгермейтінін, бірінші кезекке барлық кезде мазмұн шығатынын дәйектеп берді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар