Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапқа тартылады. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов бұл жөнінде тағы да ескертті.
Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапқа тартылады. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов бұл жөнінде тағы да ескертті.
Отырыста 2013-2015 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджетті іске асыру туралы қаулы қабылданды. Осыған орай Үкімет басшысы республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне бюджет қаражаттарын уақытылы игеру бойынша қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды. Республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне заңнамамен бекітілген тәртіпте қалыптастырылған түзетілген стратегиялық жоспарларды Үкіметке енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына, министрлерге, облыс әкімдеріне 2013 жылдың бюджетін қалтқысыз орындау қажеттігін ескертті. Оған қоса ол жылдың соңында оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер, оның ішінде жауапқа тарту мәселесi де қаралатынын баса айтты.
Отырыста қаулы жобасы бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады. Бюджет қаражатын жұмсаудың артықшылықтарын анықтайтын бұл құжат бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Яғни, 2013 жылғы бюджетке енгізілген өзгерістерді орындау үшін қабылданған. Министрдің мәліметінше, 2013 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 5 242,5 млрд. теңге көлемінде немесе ағымдағы бюджетпен салыстырғанда 14,4 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бекітілген 1 380 млрд. теңге деңгейінде сақталады. Республикалық бюджет шығыстары ағымдағы бюджетпен салыстырғанда 65,6 млрд. теңгеге төмендей отырып, 6 033,4 млрд. теңге сомасында көзделіп отыр. Е.Досаев сондай-ақ, құжат «Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес қалыптастырылғанын, ол жергілікті атқарушы органдарға берілетін нысаналы трансферттердің сомалары, 2013-2015 жылдарға арналған басым республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесі және 2013 жылға арналған мемлекеттік тапсырмалар тізбесі бойынша нақтылау кезінде жүргізілген өзгерістерді қамтитынын атап өтті. Бұдан өзге, онда «жобада бюджет қаражатын игеруді жақсарту мақсатында бағдарламалар мен кіші бағдарламалар ішінде бұрын жүргізілген қайта бөлулер ескерілді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».