Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Қазақстандағы Митрополиттік аймақтың жаңа басшысы, Астана және Алматы архиепископы Александр бастаған делегацияны олардың өтініштері бойынша қабылдады. Дінбасы Қазақстандағы жалпы діни ахуал, ұлттар мен ұлыстар, діндераралық достық пен сыйластық, ынтымақ жайлы сөз етті. Қазақ елінің ислам өркениетінің бір бөлшегі екенін, республика халқының 70%-ы ислам дінін ұстанатынын, қалған 30%-ы христиан дініндегі орыс, украин, неміс және т.б. ұлттар мен ұлыстардан тұратын азаматтардың өзара сыйластық пен достықта, ынтымақ пен ауызбірлікте өмір сүріп отырғанын, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті мен 7 медресе жұмыс істеп жатқанын айтты.
Архиепископ Қазақстанның егемендік алғалы бері қол жеткізген жетістіктері мен Президент Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен аз уақытта әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайық орын алғанын тілге тиек етті. Ол Қазақстан Президенті мен Дінбасының ұлттар мен ұлыстар, діндераралық достық пен ынтымақ, сыйластыққа үлкен мән беріп отырғанын жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Қазақстанда тарихи қалыптасқан ислам мен православие діни басшылары арасындағы түсіністік пен сыйластықты елдің тұрақтылығы мен бейбіт дамуына жұмсайтынын білдірді.
Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2003, 2006 және 2009 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері және олардың мән-маңызына тоқталды. Архиепископ Қазақстанның бас қаласында ел Президентінің ұйытқы болуымен өткен бұл іс-шараларға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан сияқты кең-байтақ елде этносаралық татулықты, рухани тұрақтылықты, бейбітшілік пен ынтымақты сақтап отырған мемлекетіміздің даму деңгейіне жоғары баға берді.
Ұшырасуда екі дін арасындағы дәстүрлі діни ынтымақтастық пен әріптестік мәселесі секілді жәйттер ортақ әңгімеге өзек болды.
Қазақстандағы басты екі дінбасылары еліміз халқының бірлігі мен ынтымағын, татулығы мен сыйластығын бұдан да биік белестерге көтеру үшін жұмыла қызмет етуді нысанаға ала бермек болып келісті.
Кездесу соңында екі жақ сый алмасты, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.