• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 26 Қараша, 2020

Абай – түркінің алып тұлғасы

280 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті мен Эгей университетінде (Измир,Түркия) қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жыл­дық мерейтойы аясында «Абай – түркі әлемінің ұлы тұлғасы» атты халықаралық онлайн конференция өз жұмысын бастады.

Халықаралық конференцияға Қа­зақ­стан, Түркия, Әзербайжан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Түрікменстан, Та­тарстан (Ресей), Хакасия (Ресей) және АҚШ-тан 60-қа жуық абайтанушы ға­лым қатысады.

Конференцияның ашылуында Эгей университетінің ректоры, профес­сор Неждет Будак баяндама жасап, Түр­кияның түбі бір түркі елдерімен қа­рым-қатынасы экономикалық мүд­деге емес, ең алдымен әдеби-мәдени бай­ланыстарға құрылғанын атап өтті. «Симпозиум тақырыбы – қазақ жаз­ба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы. Осы жиынның арқасында оның түрік тіліне ауда­рылып, жарияланған көптеген шығар­маларының бар екенін білдім. Бүгінгі симпозиумда ұсынылатын мақалалар мен зерттеулердің арқасында Абай және оның дәстүрі жақсы танымал болады деп сенемін. «Сөз ұшады, жазу қалады» деген мақал бар. Жазу арқылы анықталатын және тұрақты болатын әрбір ортақ ізденістер біздің бірлігімізді, ынтымақтастығымызды одан әрі бекітері анық. Бірлік біздің рухымызды нәрлендіріп, мықты әрі қайратты халық болуымызға қызмет етеді» деді Н.Будак.

Өз кезегінде Еуразия ұлттық уни­­верситеті проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы түркі жұртының ын­ты­мағын бекіте түсетін әлемдік дең­гей­дегі тұлғалардың қатарында ұлы Абай­дың да есімі бар екенін ­баяндады.

«Абай мұрасының дәріптелуі, он­дағы шын мәніндегі гуманизм мен адамсүйгіштік идеяларын түсінуге деген ықылас отандастарымыздың шынайы ризашылығын туғызады. Сонымен қатар оның өзіндік себептері де бар. Абай шығармашылығы – қазақ халқының ұлт болып ұйысып, ел бо­лып еңсесін көтеруіне қызмет еткен аса құнды мұра. Осы мұра енді түр­кі жұртының ынтымақтасуының – ғылыми, рухани, мәдени, әдеби, жалпы гуманитарлық бастауларының тоғы­суының да кепіліне айналуда. Тү­ркі жұртының интеграциясы бү­гін бас­талған үрдіс емес. Абайдың өлең­де­рінен де, қара сөздерінен де оны анық байқауға болады. Айталық,

Фзули, Шамси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз – бұ һәммәси

Медет бер я шағири фәрият

– деген өлеңінен жалпы Шығыс ин­тег­рациясының сандаған ғасырлар бұ­рын басталғанын байқауға болады. Абай­дан басталған мәдени интеграция жаңа мән мен мағынаға ие. Бүгінгі Абай болмысы – түркі дүниесінің рухани ауызбірлігінің темірқазығына айна­луда», деді Д.Қамзабекұлы.

Проректор симпозиумның ұйыт­қысы болған Эгей университеті мен Еуразия университеті арасындағы қарым-қатынастың орнағанына он шақ­ты жыл болғанын, енді осы игі­лікті қарым-қатынас университетте жа­ңа­дан құрылған «Абай академия­сы» ғылыми зерттеу институты мен Эгей уни­верситетінің Түркі әле­мін зерттеу институты арасында жал­ғасын тауып, жаңа сатыға өтетінін жет­кізді.

Халықаралық Түркі академиясы­ның президенті Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзінде жиынды ұйымдас­тырушы тараптарға рахметін айтты. Ол биыл Абай жылы аясында Түр­кі академиясы атқарған іс-ша­ра­лар қатарында ұлы ойшылдың шығар­маларының бауырлас түркі тілдеріне аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы мен ЮНЕСКО бірлесіп бірнеше конференциялар өткізгенін де жеткізді. «Шы­ғармашылық қайнары Фзули, Науаи сияқты ойшыл ақындардан бастау алған және Маржани, Газали сияқты алыптармен замандас, идеялас болған Абай тек қазақ халқының емес, түбі түркі жұртының тұғырлы тұлғасы» деді академия президенті.

Түркия мемлекеттік Tүрік тілі құ­­ры­лымы президенті, профессор Гү­рер Гүлсевин баяндамасын әріден бас­тады. Ол 1933 жылы «Кеңес үкі­меті ыды­рауы мүмкін. Сол кезде ба­уырлас түркі елдерінің жанынан та­былуы­мыз керек» деп Ататүрік айт­қан әй­гі­лі сөзді қайталап, өткен ға­сырдың орта шенінен бастап Түр­кияда түркі ха­лықтарымен қа­рым-қатынасты дамыту үшін жа­салған бірнеше игілікті істерді атап өтті. Соның ішінде түркі ха­лық­та­рының тілін, мәдениетін зерт­тейтін институттың маңызына тоқ­талды. Биыл Абайдың 175 жылдық ме­рей­тойы Түркияда да жалғасын та­уып жатқанын айтты. Сондай-ақ сәуір айында өтуі тиіс үлкен сим­по­­зиумның пандемия кесірінен өткізіл­мей, кейінге шегерілгенін де жеткізді. Гүрер Гүлсевин баяндамасы Абайдың тіліне қатысты өрбіді. Ол Абайда оғыз тіліне тән сөздер мен формалар кез­десетінін, бірақ ол ту­ралы кейінгі жиын­дарда баяндайтынын хабарлады.

Университет жанынан құрылған «Абай академиясы» ғылыми зерттеу ор­талығының басшысы Ерлан Сай­лаубай осы жылдың ерекше берекелі болғанын атап өтіп, орталық 18 кешенді зерттеу жобаларының не­гізінде 20 кітапты жарыққа шы­ғарғанын айтты. «Академияда «Абай әліп­песі» ин­терактивті кешенді жо­ба да іске асы­­рылуда. Институт жұ­мысын халық­аралық деңгейде дамы­тудың алғашқы қадамы игілікті симпозиумнан басталуын жақсы ырымға балаймыз», деді ол.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы­на орай ұйымдастырылған халықара­лық симпозиумда бауырлас түркі ел­дері зерттеушілері Абай мұрасы жө­нінде құнды пікірлер, маңызды ақпа­раттар айтпақ. Секциялық отырыс­тарда Тұрсын Жұртбай, Шәкір Ибраев, Дихан Қамзабекұлы, Ерден Қа­жыбек, Шерубай Құрманбайұлы, Юлай Шамильоғлу, Мақсат Ал­пысбес, Құ­ныпия Алпысбаев, Жамбыл Артық­баев, Рақымжан Тұ­рысбек, Жанат Әскербекқызы, Нергис Бирай, Гүл­жанат Ержиласун, Элман Гулиев, Жаб­бар Ишанқул, Баходир Каримов, Орхан Сөйлемез, Мехмет Темизкан, Жылдыз Бака­шова және т.б. елде және шетелде танымал белгілі әдебиетші, тіл­ші, тарихшы, этнограф профессор­лар қатысады. Ғалымдар ұлы ойшыл, хакім Абайдың мұрасын зерттеу ба­ғы­тындағы ғылыми ізденістерімен бө­­ліседі. Симпозиумда оқылған баян­­дамалар мен мақалалар жинақ кі­тап болып шығарылады.