ҚР ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев Орталық сайлау комиссиясына сайлау жарияланған күннен бері 34 өтініш келіп түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Сайлау жарияланған күн – 21 қазаннан бастап бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясына 34 өтініш келіп түсті. Бесеуі – жеке тұлғалардан, 29 – заңды тұлғалардан, оның ішінде 13 – БАҚ-тан. Көтерілетін мәселелердің сипаты бойынша өтініштерді былайша бөлуге болады. 50 пайызы, яғни 17 өтініш "Сайлау туралы" Заңның нормаларын түсіндіру туралы, 17 пайызы – сайлау процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру, 12 пайызы – сайлау заңнамасын және ОСК қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар, 21 пайызы – өзге де мәселелер бойынша", деді ол ОСК отырысында.
Оның айтуынша, пандемия жағдайында сайлауды өткізу, байқаушыларды тіркеу, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын іске асыруын қамтамасыз ету, сайлау науқанына бөлінген қаражатты жұмсау, азаматтарды сайлаушылардың тізіміне енгізу, сайлау алдында үгіт жұмыстарын жүргізу және шет елде дауыс беруді ұйымдастыру әрі өткізу мәселелері бойынша келген өтініш авторларына жауап берілді.
"Көрсетілген кезең ішінде келіп түскен 34 өтініштің ішінен ОСК аппараты тарапынан 22-сіне белгіленген мерзімде өтініш берушілерге толық жауап берілді. 4-еуі Орталық сайлау комиссиясының құзыретіне кірмейтіндіктен заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жолданды. Бір қайта жасалған өтініш қараусыз қалдырылды. БАҚ-тың екі ақпараттық хабарламасы ОСК сайтында орналастырылды. 5 өтініш қаралуда. Орындалмаған өтініштер жоқ", деді Ерлан Дауылбаев.