Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында Мәжіліс депутаттығына сайлауға партиялық тізім бойынша ұсынылған 126 азаматтың қатарында Ақтөбе облысынан төрт үміткер бар деп хабарлайды Egemen.kz.
Олар – Ақтөбе облысы бойынша грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Рахат Сыдықов, облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, «DARU MEDICAL GROUP» ЖШС-нің Бас директоры Ғалымжан Елеуов, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин. Алдыңғы екеуінің ауыл, аудан, шаруашылық басқаруда тәжірибесі мол, үшіншісі –кәсіпкер, соңғысы –белсенді жас.
Бүгін Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында өңір басшысы Оңдасын Оразалин бастаған жергілікті нұротандықтар құрылтайды онлайн режимде тамашалады. Енді желтоқсанның бас күндерінде Мәжіліс және облыстық мәслихат сайлауына қатысатын іріктелген кандидаттар сайлауалды бағдарламаларын түсіндіру мақсатында жұртшылықпен жоспарлы кездесулерін бастайды. Бұл жолы депутаттыққа үміткерлер халық сеніміне ие болу үшін: «Бос сөз бен құрғақ уәде емес, нақты әрекеттер ғана халық сеніміне және саяси көшбасшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды мықтап қолға алады», деп Президент Қ. Тоқаев белгілеп көрсеткендей, трасформацияланған қоғамның болашақ бағдарына сай жаңаша әрекет етуі тиіс.
Пандемия экономикаға ғана емес, қоғамдық санаға да, адами қарым-қатынастарға да түбегейлі әсер еткен қазіргі уақытта жұртшылықтың сеніміне ие болудың оңай еместігін депутаттыққа кандидаттар да жақсы түсініп отыр.