Алматыда былтырдан бері дәстүрге айналған «Қазақстан мұғалімі 2020» Ұлттық Сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатпен аталып өтті. Жүзден жүйрік шыққан он лауреат финалдық кезеңге өткен болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ондықтың арасынан астаналық «Назарбаев зияткерлік мектебі» (НЗМ) филиалының химия пәні мұғалімі Динара Бейсембаева үздік шықты. Жеңімпаз Әлия Нұрсұлтанқызы тағайындаған 4 миллион теңге қаржылай жүлдеге ие болды. Бірнеше ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторы, экология магистрі Динара Тоқтарқызы жеңістен дәмелі болғанын, бірақ әлі де сене алмай тұрғанын айтып ағынан жарылды.
– Бұл конкурс мұғалімдердің құндылықтарын дамытуға, өзекті және жаңашыл мұғалімдерді тәрбиелеуге септігін тигізеді. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Сайысқа қатысу, үздіктер қатарына еніп, жеңімпаз атану – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, осындай жетістікке жету үшін маңдай терімді төгіп еңбек еттім десем болады. Оқу бітіргеннен бастап қазірге дейінгі кезеңімді шолып, анализ жасадым. Қай жерді жетілдіру керек, не нәрсеге басымдық беру керек деген сияқты. Қазір өзім үшін жаңа жоспар жасап жатырмын. Конкурста жеңімпаз болу одан сайын ынтамды арттыра түседі, – дейді Динара Бейсембаева.
Динарадан бөлек тағы тоғыз үздік педагог финалдық кезеңге өткен болатын. Олар – Қарағанды қаласындағы №27 орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі Ольга Ким; Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» мамандандырылған лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Ержан Жұмаділов; Алматы облысынан келген бастауыш сынып мұғалімі Алма Маханова; Петропавл қаласындағы «НЗМ» физика пәні мұғалімі Дина Құдабаева; Нұр-Сұлтан қаласындағы NURORDA мектеп-лицейі физика пәні мұғалімі Арнұр Қазыбеков; Семей қаласындағы №3 жалпы орта білім беру мектеп-кешенінде орыс тілі және әдебиет мұғалімі Мейрамгүл Жанаспаева; Теміртау қаласындағы №16 жалпы орта білім беру мектебінде экология және өзін-өзі тану пәні мұғалімі Елена Варганова; Павлодар қаласындағы №16 мектебінде экология және өзін-өзі тану пәні мұғалімі Жанар Жақсылықова және елордадағы «Республикалық физика-математика мектебінің» математика пәні мұғалімі Гүлнар Жакупова. Осы 10 лауреат Қазақстанның атынан жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын «Әлем мұғалімі-2021» Жаһандық сыйлығына (Global Teacher Prize 2021) номинацияланатын болады. Олардың қатарында жеңімпаз Динара Бейсембаева да бар.
Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры 2019 жылы «Global Teacher Prize» Жаһандық сыйлығының ресми өкілі атанып, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығын жариялаған еді. Байқаудың басты мақсаты – үздік мұғалімдерді анықтап, сыйлық берумен қатар, еліміздегі ұстаз мәртебесін арттыру.
«Білім арқылы адамдардың өмірін өзгерту» – бұл жыл сайын Дүниежүзілік Білім және дағды форумын (Global Education and Skills Forum) өткізетін Варке қорының ұраны. Осы іс-шара барша әлемнен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, мұғалімдер, филантроптар бас қосатын білім саласындағы ынтымақтастық пен мәселелерді шешудің негізгі алаңына айналды. 2020 жылы Ұлттық сыйлық үміткерлерінің сауалнамалары 1 мамырдан 1 қазанға дейін қабылданды. Дауыс берудің екі кезеңінің қорытындысы бойынша 2021 жылы Қазақстанның атынан «Әлем мұғалімі» Жаһандық Сыйлығына жолдау алатын 10 қатысушы анықталды» дейді ұйымдастырушылар.
Сайыс Жаһандық Сыйлықтың ұйымдастырушылары Varkey қорының бекіткен өлшемдері аясында өткізілді. Үміткерлерді іріктеу мен бағалау үдерістерінің ашықтығын «PricewaterhouseCoopers» Халықаралық аудиторлық компаниясы тікелей бақылаған.
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»