Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура ұйымдастырған кездесуде аймақ кәсіпкерлері өзекті мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараға Кәcіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Өңірлік кеңес төрағасы Қайрат Боранбаев, мүдделі мемлекеттік орган басшылары мен өңір кәсіпкерлері қатысты.
Кездесуде қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлер карантиндік режим уақытында мониторингтік топтардың жұмысы қиындық тудыратынын айтса, фарм саласындағы бизнес өкілдері көрсеткен қызметтеріне ақшаларын ала алмай жүргендерін жеткізді.
Кәсіпкерлердің өзекті мәселесі талқыланған мәжілісте Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов пен облыс прокуроры Нұрлан Бижанов кәсіпкерлік саласындағы проблемалық сұрақтарды шешуге арналған Жол картасына қол қойды.
Жол картасында карантин шараларының сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтар қызметінің заңдылығына, мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік кедергілерді, жер учаскелерінің пайдалану мақсатын өзгертуге байланысты проблемалық сұрақтар, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексерулердің заңдылығына баға беру қарастырылуда.
Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері кәсіпкерлерге құқықтық, адвокаттық қызметтерді белсенді жүргізуде. Ауызша кеңес алып, құқықтық көмек алған кәсіпкерлерді қоспағанда, биыл палатаға ресми құқығын қорғауды сұраған 230 арыз түскен.