Жаман індеттің жайылуы қарқын алып келеді. 27 қарашадағы жағдай бойынша еліміз «сары аймақта», яғни орташа қауіпті аймақта тұр. Ал ахуал тым күрделеніп, «қызыл аймаққа» енген өңірлеріміздің саны бесеуге жетті. Қазанмен салыстырғанда қарашада індетке шалдыққандар 3,7 есе өскен. Қазақстандағы барлық ауру жұқтыру жағдайының 70 пайызы «қызыл аймақта» тұрған өңірлерге тиесілі.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елімізде эпидемиялық жағдай қиындап барады. Өткен аптамен салыстырғанда 3 өңір «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» көшті. Бұл – Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары. Бұған дейін Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қатаң шектеу шаралары енгізіліп, «қызыл аймаққа» енген. Сондай-ақ Алматы қаласы «сары аймаққа» қосылды. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».
Өңірлердегі эпидемиялық ахуалды ескере отырып, бүгінде аймақ әкімдері қоғамдық тамақтану орындарына келушілердің санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет объектілерінің жұмыс кестесін қысқарту, демалыс күндері қоғамдық орындардың жұмысын және көлік қозғалысын тоқтату сияқты қатаң шаралар қабылдады.
Еліміздің тұс-тұсындағы індеттің таралу көрсеткішінің күрт өсуіне сәйкес карантин талаптары да қатаңдатылып жатыр. «Бұл қарқын бәсеңдемей, ахуал оңалмайтын болса, Қазақстан бойынша қатаң карантин шаралары енгізіле ме?» деген қауіптің бар екені рас.
«Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақстанда карантин шараларын желтоқсан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Мәселен, Шығыс Қазақстанда жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу үрдісін бақылаудамыз. Ең бастысы, жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 пайызға, жансақтау орындары 17 пайызға жүктелген. Яғни резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда», дейді А.Цой.
Министрдің айтуынша, елімізде 15 мыңға жуық инфекциялық төсектік орын дайын. Карантиндік стационарларда 6 886 орын бар, республика бойынша оның тек 3,8 пайызында пациент жатыр. Қажет болған жағдайда 51 мыңға дейін орын әзірленеді. Сондай-ақ вирусты анықтайтын тестілеудің қуаты тәулігіне 90 мыңға жетті. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады. Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 50 мың зерттеуге жетті, яғни қазақстандықтарға ПТР-тест қолжетімді. Бүгінде елімізде 4 млн-нан аса ПТР-тест жүргізілді.
29 қарашадағы мәлімет бойынша өткен тәулікте Қазақстанда 826 адамның індет жұқтырғаны анықталып, жалпы бұл ауруға шалдыққандар саны 130 865-ке жеткен. Оның ішінде сол күні 143 адамның аурудан жазылғаны, жалпы осы уақытқа дейін 116 187 адамның емделгені мәлім болды.
Сондай-ақ өткен тәулікте коронавирус белгілері бар пневмонияның 164 жағдайы және 3 өлім жағдайы тіркелді, 72 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бері мұндай пневмониямен 42 104 адам ауырып, 443 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып кеткендері – 30 494.
Ел арасында індеттің екінші толқыны балаларға қатты тиеді екен деген сөздің тарағаны белгілі. Бұл ретте ата-аналарды балаларының қауіпсіздігі алаңдататыны сөзсіз. Оқу жылы басталғалы бері 1 741 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның 482-сі немесе онлайн режім- де оқитын оқушылардың 0,05%-ы кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасынан тіркелді. 1 259 жағдай қашықтан оқитын балалар арасында анықталып отыр. Соңғы апта ішінде 12 өңірде кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасынан 129 жағдай расталған. Қыркүйектің басынан бері 165 мектеп карантинге жабылды. Бүгінде 66 мектеп – карантинде. Әдетте індет анықталған жағдайда мектеп 14 күнге карантинге жабылады.
Түрі жаман індеттің бетін қайтаратын бірден-бір амал вакцина тауып, тезірек қолданысқа енгізу екені анық. Қазір көпшілік көрші Ресейдің вакцинасын сатып алу жөнінде жиі сөз қозғап жүр. Бұл ретте «Қазақстандықтардың вакцинаның басқа да түрлерін таңдауына мүмкіндігі бола ма?» деген сауал мазалайды?
«Біз үнемі нарықта қолжетімді вакциналарды іздейміз. Тіркеуден кейін бірінші болып ресейлік вакцина шықты, сондықтан онда зерттеу деңгейі өте жоғары. Мемлекет басшысының Қазақстанда осындай зауыт пен өндірістік қуаттар салу мәселесін пысықтауды тапсырғаны өте маңызды. Бұл вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қазір бұл мәселе талқыланып, өндіріске қолайлы алаң қарастырылуда. Бұл жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық зауыттардың жанынан ашылуы мүмкін. Біз ресейлік әріптестерімізбен бірге елімізде вакцина өндірісін қолға алу мүмкіндігін зерделеп жатырмыз. Ресейлік вакцина сынақтардың үшінші кезеңінде, алғашқы екі кезеңі сәтті өтті. Бірақ біз отандық вакцинамызға да үлкен үміт артып отырмыз. Биыл желтоқсан айында клиникалық сынақтардың екінші кезеңі аяқталады. Сондай-ақ біз АҚШ, ДДҰ, қытайлық әріптестерімізбен шетелдік вакциналарды жеткізу мәселесін пысықтаудамыз. Олардың еліміздегі барлық қауіпсіздік хаттамаларынан өтуі аса маңызды. Барлық жеткізушілерді нарыққа шығуға және қауіпсіздік пен сапаны тексеру процедурасынан өтіп, вакцинаны тіркеуге шақырамыз. Әрине біз вакциналардың барынша көп мөлшері қолжетімді болғанына мүдделіміз», деді министр.
Жалпы, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, кесапат кеселге ұшырамау үшін сақтық шараларын барынша қатаң ұстанған жөн. Өкінішке қарай, халық әлі де маска тағуға, әлеуметтік арақашықтық сақтауға салғырт қарап жүр. Карантин шараларының сақталуын бақылайтын мобильді топтар ұдайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, күніне қаншама қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтап жатыр. Бұл, әрине эпидемиялық ахуалдың күрт нашарлауын күшейтеді. Қазіргі қысылтаяң шақта амандығымыздың амалы – індеттің алдын алу. Жақынымызға жанашыр болып, жаманат індетті жуытпасақ, ашық-жарқын күндеріміз де оралады.