Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап, қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.
Облыс басшысының айтуына қарағанда, он айдың ішінде тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізіліпті. Өнеркәсіп саласында – 106,3 пайыз, ауыл шаруашылығында – 114,2 пайыз, құрылыс секторында – 111,7 пайыз өсім бар. Инфляция 5,1 пайыздан асқан жоқ. Еңбекақы 21 пайызға өсіп, орташа жалақы 163 мың теңгені құрады. Инвестицияның өсуі экономикалық өсімнің драйверіне айналды. Сол себепті облыс бірқатар көрсеткіштер бойынша республикадағы үштіктер қатарында. Жыл басынан бері экономикаға шамамен 340 млрд теңге бағытталды, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Инвестиция өсімі денсаулық сақтау саласында – 3,5 есе, білім саласында – 2 есе, өнеркәсіп саласында – 134,7, көлік саласында – 117,5, тұрғын үй құрылысында – 106,7, ауыл шаруашылығы саласында – 103,7 пайыз болды. Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілді. Жекелей алғанда 20 мыңнан астам субъекті салықтық және несиелік жеңілдіктер алды. Олардың іскерлік белсенділігін арттыру үшін екі бағдарлама бойынша 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 300 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 800-ден астам шағын несие және 700 қайтарымсыз грант берілді. Өңірлік бизнес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысуда. Биылғы жылы 120 бизнес-жоба 15,2 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары. Жобаларды жүзеге асыру 1 300 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, еңбек нарығындағы әртүрлі бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды, оның 13 мыңы тұрақты. Биыл инвестиция көлемі өткен жылғы деңгейден үш есе асып түсіп, 157 млрд теңге игерілді, өсім 134,7 пайызды құрады. Индустрияландыру картасы бойынша 276 млрд теңгенің 38 жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы техникасының түрлері көбейді. Жұмыс істемей тұрған комбайн зауыты қайтадан серпін алды. «Каз-РостИнжиниринг» жаңа кәсіпорыны жобаға 7,5 млрд теңге инвестиция салды.
Аграрлық сектор өнеркәсіппен бірге өңір экономикасының негізі болып қалуда. Осы жылы мемлекеттік қолдау ретінде шамамен 74 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінен жақсы өнім жиналып, 5,2 млн тонна астық қамбаға құйылды. Гектар 11,8 центнерді құрады.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 97 ет және 18 тауарлы сүт фермасы ұйымдастырылды. Шаруашылықтар 9,5 мың бас жоғары продуктивті ірі қара сатып алды. Сүтті мал шаруашылығын дамыту әлеуеті 4 ірі тауарлы сүт фермаларының құрылысымен байланысты, әрқайсысында кем дегенде 1 мың бас ірі қара өсіріледі.
Импорт алмастырудың айтарлықтай мүмкіндіктері Макинск құс фабрикасы жобалық толық қуатына көшкен кезде пайда болады. Оның қайта өңдеу қуаттылығы жылына инкубатордан зауытқа дейін 100 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Макинск құс фабрикасынан бөлек азық-түлік белдеуін дамыту аясында өңірде 34 млрд теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылуда.
Облыста тұрғын үй құрылысының саласы да жақсы дамып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылған сәтінен бастап, үш жылда шамамен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Биылғы жылға жоспарланған 570 мың шаршы метрді құрайтын 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді.
Жол инфрақұрылымына келер болсақ, биыл жергілікті маңыздағы 700 шақырымға жуық жол жөндеуден өтті, оның ішінде 250 шақырымы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылды. Соңғы үш жыл ішінде, биылғы жылды қоса алғанда 1,5 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдар жөнделді, оның 800 шақырымы ауылдық елді мекендерде.
Су тіршілік көзі болғаннан кейін тұрғындарды сапалы ауыз су мәселесі толғандыратыны белгілі. 2020 жылы облыстың 54 елді мекенінде су тарату желілерін жөндеуге және салуға байланысты жобалар жүзеге асырылуда. Жұмыс аяқталғаннан кейін 30 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамту аумағы 83 пайызға жетеді. Су тарату және сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың жол картасы аясында 2023 жылға дейін 118 елді мекенде су құбырлары желілерін салу, 60 шағын ауылда блок-модульдер орнату жоспарланып отыр.
Орта білім беру жүйесінде мектеп оқушыларын қашықтан оқыту үшін барлық жағдай жасалды. Осы мәселеде Үкімет үлкен көмек көрсетті. 23 мың компьютер сатып алуға қаражат бөлініп, олар аз қамтылған отбасылардың балаларына берілді. Жергілікті бюджет есебінен 2,5 мың компьютер сатып алынды.
Денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылысы жалғасуда. Көкшетауда онкологиялық емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Қосшы ауылында емхана салынуда. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Өте ауқымды жоба – Көкшетау қаласындағы 630 орындық заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы. Жаман тұмау жайлаған уақытта халықтың денсаулығына айрықша көңіл бөлініп отыр. Облыста ПТР зертханалардың саны алтау. Олардың резервтік қуаттылығы қажет болған жағдайда тест санын тәулігіне 3 мыңнан 7 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. 1 000-нан астам төсектік орын дайындалды, резервте тағы 5 000 төсектік орын қамдалды. Қысқа мерзімде 200 орынға арналған инфекциялық аурухана бой көтерді. Қазір медициналық мекеме науқастарды қабылдап жатыр.
Өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Үкіметтің көмегімен көптеген ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтсақ, ИВЛ аппараттардың саны 2,5 есеге, оттегі концентраторларының саны 5 есеге көбейді. 4 рентген-аппарат сатып алдынды, облыс бойынша барлығы 34 рентген-аппарат бар. Аудандық ауруханаларда 11 жылжымалы диагностикалық кешен бар, бұл шалғайдағы ауылдарға қызмет көрсету шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Таяуда жедел жәрдем автопаркі 58 жаңа машинамен толықты.
Бүгінде ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбегі лайықты еленуде. 4 мыңнан астам медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленді. Жалпы, коронавируспен күресте 15,8 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Жаппай және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа жобаларды есепке алсақ, таяуда облыста 14 қазіргі заманғы спорт кешені жұмыс істейтін болады.
Елордаға жақын елді мекендерге көп көңіл бөлінеді. Қала маңын дамытудың кешенді жоспары мен шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларға 18,2 млрд теңге бөлінді, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қосымша 7,3 млрд теңге игерілмек.
Биыл қаржыландырудың жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгені құрады. Көпсалалы Promenade Burabay кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге курортты аймақта шағын сәулетті кескіндемелер, қарау алаңы, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жол, абаттандырылған туристік бағыттар пайда болды. Discovery аумағынан салынған аквопарк жаңа нысаны бой көтерді. Айналасында тиісті аттракциондары бар тамашалау шеңбері пайдалануға берілді.
Облыс орталығы – Көкшетау қаласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жылдан жылға облыс орталығының сыртқы келбеті ғана өзгеріп қоймай, тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы да жақсара түсуде.
Жол, жылумен қамту, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің сапасына қатысты мәселелер шешілуде, аулаішілік абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлер құрылысы белсенді сипат алуда.
Жалпы, биылғы 10 ай ішінде қала экономикасына 60 млрд теңгеге жуық инвестиция салынды. Бұл осыдан 2 жыл бұрынғы инвестициялық көрсеткіштен екі есе артық.
Ел Президентінің Жолдауында айтылған келелі мәселелерді жүзеге асыру бағытында ұйымшылдықпен жұмысқа жұмылған облыс жұртшылығы қажырлы қарқынмен алға ұмтылуда.
Ақмола облысы