От жағып, күл шығарғысы келмейтін тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданының орталығы Бескөл селосына жұмыс сапарымен барғанда осындай үйлердің иелерін орталық қазандыққа қосылуларымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соның ішінде Бескөл селасының тұрғыны Ольга Склярованың үйіне кіріп, жылудың орталықтандырылғанын өз көзімен көріп, әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Мен үй иесінің қатты қуанып отырғанын көрдім. Енді Ольга Валентиновна отын, көмір сатып алмайды, от жағумен уақытын өткізбейді. Осының өзі ол кісінің отбасылық бюджетіне әжептәуір кіріс келтіріп тұр. Оның үстіне үй жылы әрі таза».
Жалпы, соңғы екі жылда осы Бескөл селосындағы 85 үйдің 56 орталық қазандыққа қосылған. Қалғандары үйіне жылуды 2021 жылы өткізеді. Сонымен қатар осы елдімекендегі 20 әлеуметтік нысан, 20 жекеменшік үй мен 4 дүкен орталық қазандыққа қосылып, бір жерден жылытылады. Алдағы уақытта мұндағы Оңтүстік-Шығыс мөлтекауданында жаңадан екінші жылу жүйелерінің орталығы салынбақшы. Ол жылумен 100-ден артық үйді қамтамасыз ететін болады.
Көпқабатты үйлердің орталық жылу жүйелеріне қосылулары Бескөл ғана емес, Сергеев, Явленка селоларында да қарастырылып отыр. Әзірге соңғыларында 1 үй қосылды. Сонымен барлығы 57 үй орталықтандырылған жылуға қол жеткізді. Бұл барлығы 2,1 мың тұрғын орталықтандырылған жылу жүйесіне қол жеткізді деген сөз.
Солтүстік Қазақстан облысы