2019 жылы Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялаған болатын. Осы арқылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның тері бұйымдарын, аяқ киім тауарларын, иіс сулар, шиналар мен резеңке доңғалақ тыстарын таңбалау жөніндегі негізгі шешімдерін жүзеге асыру ісіне қосылды.
Тауарлар не үшін таңбаланады және бұл шараны жүргізу ел экономикасына не береді? Мұны түсіну үшін бірқатар шет елдер тәжірибесіне назар аударып көрейік.
Аталған шараны жүзеге асырған Бразилия мен Түркияда алкогольді және алкогольсіз сусындар сегментінде салықтардың жиналуы тиісінше 20% және 142%-ға өскен. Ал Еуропалық одақ елдерінде цифрлы қадағалау жүйесі 5 жыл ішінде контрабандалық өнім айналымын 30%-ға төмендетіпті. Америка Құрама Штаттарында дәрі-дәрмектерді таңбалау қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жеделдетуге мүмкіндік берген.
Бізбен көрші әрі бір одақ аясында өмір сүріп жатқан Ресей Федерациясында бірқатар тауар санаттары бойынша таңбалау жұмыстары ертерек енгізілген болатын. Оның нәтижесі елдегі таңбаланған нарықта тазару процесінің жүре бастағандығын айқын байқатқан. Мәселен, бұрын ресейлік аяқ киім нарығының көлемі 330 млн жұп аяқ киімге бағаланса, таңбалауды енгізгеннен кейін бұл болжамның едәуір жоғары екендігі айқындалған. Нәтижесінде, қазір ресейлік оператордың жүйесінде аяқ киімді таңбалау үшін 2 млрд-тан астам код шығарылды және өсу жалғасуда.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, алдын ала талдаулар «Қазақстан Республикасында 6 сала бойынша таңбалауды енгізу көзделген тауар топтарындағы көлеңкелі нарық көлемі 63% мөлшерінде екенін көрсеткен. Тауарларды таңбалау осы көлеңкелі бизнесті жарыққа шығаруға көмектеседі. Осыған орай Б.Сұлтанов тауар топтарына таңбалауды енгізу арқылы заңды тауар айналымының көлемі 337 млрд теңгеге, ал бюджет кірістері 58 млрд теңгеге артады деген болжамын жеткізді.
Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған тауарларды таңбалауды және олардың қадағалануын енгізу еліміздің экономикасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, бұл шаралар адал бәсекелестікті ынталандырады және заңды нарық үлесі мен өндіріс көлемін 30-50%-ға ұлғайтады. Бұл өз кезегінде өзіндік құнды төмендетіп, бағаны тауарлардың ағымдағы құнынан 5-10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары құрылып, 2-3 мың адам жұмыспен қамтылатын болады. Ал тауарлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесінің тиімділігі едәуір артады.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, екі жылдық қанатқақты жобаларды іске асыру нәтижесінде елімізде табиғи теріден жасалған бұйымдарды 2019 жылғы 1 наурыздан бастап және темекі өнімдерін биылғы жылғы 1 қазаннан бастап міндетті түрде таңбалау енгізілді.
Тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзушыларды, яғни жеңілдетілген салық салу үшін арнайы салық режімі бойынша шекті межелік мәнді қолдану мақсатында кірістерін төмендетіп көрсететін салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, патент негізінде қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды. 2018 жылы тауарларға декларация ресімдеген импорттаушылардың саны оның алдындағы жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті, ал олардан импорт бойынша кедендік баж бен салық түсімдерінің өсімі 40% құрады. Осы қызмет бойынша ішкі салықтар түсімдерінің өсімі 1,5 есе артты.
«Өткен уақыт ішінде темекіні таңбалау нарықта темекі өндірушілердің 30%-ға көп екенін анықтауға мүмкіндік берді, ал сапасыз дәрілердің айналымы 2,5 есе төмендеді. «Халықаралық тәжірибе тауарларды таңбалау сауда саласының көлеңкелі айналымын төмендетуге бағытталған пәрменді құралдардың бірі екендігін дәлелдейді», деді министр.
Жалпы тауарларды таңбалау мен оларды қадағалаудың кешенді жүйесін енгізу 5 жыл ішінде бюджетке 2,6 трлн теңге құрайтын кумулятивтік әсер береді деп күтілуде.
Сарапшылар пікірінше, тауарларды таңбалау және қадағалау халық денсаулығына теріс әсерін тигізетін тауарлар айналымына жол бермеуді, бизнес үшін жағдайды теңестіруді, тауарлардың сапасы мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бюджетке салық түсімдерін арттырады. Жүйе бизнесті дамыту үшін нақты мақсаттарды көздейтін мемлекеттік бағдарлама құруды қамтамасыз етеді. Мемлекет қосымша табыс тауып, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде оның қайтарымдылығын мемлекеттік қолдау ретінде қамтамасыз етеді.
Сөз болып отырған тауарлар түрін таңбалау бойынша бірыңғай оператор болып «Қазақтелеком» АҚ айқындалған болатын. Оның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев 2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі өнімдері (сигареттер) және 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің басқа да түрлері (стиктер, сигаралар, сигариллалар т.б.) міндетті түрде таңбалануға жататынын айтты. Қ.Есекеевтің айтуынша, темекіні міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап (01.10.2020) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде айналымға 1000 қатысушы тіркелді, сондай-ақ 283 млн код шығарылды, оның ішінде 146 млн код жазылды. Бүгінде акцизделетін темекі өнімдерінің 99,9% таңбаланады.
Бұдан басқа, бүгінде таңбаланған тауарды сатуды қамтамасыз ету үшін бірыңғай оператор бөлшек сауда нүктелерін 2D-сканерлермен жабдықтау бойынша ұсыныстар беру жұмысын белсенді жүргізуде. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 34 мың данадан астам 2D-сканер сатылды немесе 80 мың сауда нүктесінің 42%-ы таңбаланған темекі айналымына дайын. Марка кодтарын шығару БКМ фискалдық деректер операторы арқылы жүргізіледі. Таңбаланбаған темекі өнімдерінің қалдықтарын 2021 жылғы 1 қазанға дейін өткізу көзделген.
Сондай-ақ бүгінгі таңда Бірыңғай оператор уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, төрт тауар тобы бойынша қанатқақты жобаларды жүргізуде. Олар – алкоголь өнімі, дәрілік заттар, аяқ киім тауарлары, сүт өнімдері пилоттық жобалары. Бұл жобалардың кейбірі сәтті жүзеге асып, енді оларды ел көлемінде енгізудің нақты мерзімдері де анықталды. «Тауарларды таңбалау жүйесін енгізу мемлекет экономикасына да, бизнеске де, қоғамға да пайда әкеледі. Оның негізгі артықшылықтарының ішінен көлеңкелі нарық көлемін 2025 жылға дейін 50%-ға төмендетеді деп болжануда. Біздің есептеуіміз бойынша, бұдан 2025 жылға дейін бюджетке 58,4 млрд теңге сомасында қосымша түсім түседі» дейді Қ.Есекеев.
Цифрлы таңбалау бизнеске өнімділігін арттыруға, логистикалық схемаларды жетілдіруге, нарықтағы үлесін ұлғайтуға және сайып келгенде кірісті арттыруға мүмкіндік береді. Қ.Есекеевтің пікірінше, осылайша, заңды бизнес түсімінің өсімі 2025 жылға дейін 336,5 млрд теңгені құрайтын болады. Бұдан басқа, таңбалау жүйесін енгізу IT нарығы үшін экожүйені құру, қаптама өндірушілері үшін сервисті дамыту, сондай-ақ жабдық өндірушілері үшін нарықты кеңейту түрінде тұтас экономика үшін нәтиже алуды көздейді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, тауарларды цифрлы таңбалау мемлекет үшін – тауарлардың заңсыз айналымын қысқартып, бюджетке салық түсімдерінің түсуін ұлғайтады және мемлекеттік бақылау сапасын арттырады; халық үшін – қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі; бизнес үшін – адал салық төлеушілер қатарын көбейтіп, бизнестегі адал бәсекені нығайтады.
Әрине, мұны жүзеге асыру үшін цифрландыру бағытында бірқатар әрекеттер орындалып, бір ізге түсуі керек. Қадағаланатын тауарлар жүйесіндегі соңғы буын сауда түсімінің мәліметтерін тіркейтін және оларды мемлекеттік кірістер органдарының серверіне онлайн режімде беретін онлайн бақылау кассалық машинаны қолдану болып табылады. Барлық аталған ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер тәуекелдерді басқару жүйесінде талданады. Е.Жамаубаев атап өткендей, жиынтық болжам 2025 жылға дейін шамамен 2,5 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерді құрайды. Жалпы салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жұмыстар жалғастырылады.