• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 01 Желтоқсан, 2020

Ядролық қарусыз әлем көшбасшысы

650 рет
көрсетілді

Әлемнің саяси сахнасында беделге ие тәжірибелі тұлғалар мен сарапшылар халықаралық қауіп­сіздік пен жаһандық ядро­лық қаруға қарсы диа­логты қайта бастау мәселесін көтеріп, Елба­сы Нұрсұлтан Назар­баевтың антиядролық бас­тамасына қолдау білдірді.

Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назар­баев Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып, Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық қаруға қарсы диалогты қайта бастау мәселелері бо­йынша халықаралық онлайн конференция өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – Нұр­сұлтан Назарбаев 2019 жыл­ғы қарашада Астана клу­бы­­ның 5-ші отырысында жария ет­кен Ядролық қауіпсіздікті қол­дай­тын және ядролық қару­дан азат әлемнің Жаһандық көш­бас­шылар альянсын (ЖКА) құру бастамасын ілгерілету болды.

Дүние жүзі қауіпсіздігі сала­сында қордаланған бұл мәселені талқылауға Астана клу­бының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары атсалысты. Олардың қатарында МАГАТЭ-нің Бас директоры (1997-2009), 2005 жылғы Нобель сыйлығының лау­реаты Мұхаммед әл-Барадей, Финляндияның бұрынғы прези­денті (2000-2012) Тарья Хало­нен, Мадрид клубының жетек­шісі, Словенияның 2007-2012 жылдардағы президенті Данило Тюрк, Ауғанстан Ислам Республикасының экс-презид­енті (2004-2014) Хамид Кар­зай, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халық­аралық нау­қан­ның» атқарушы директоры (ICAN), 2017 жылғы бей­біт­шілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Беат­рис Фин, Халықаралық қаты­настар жөніндегі кеңестің вице-президенті (CFR) Джеймс Линдси, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің (РХІК) бас директоры Андрей Кор­тунов, Халықаралық бейбіт­шілік институтының (IIP) ви­це-президенті, БҰҰ Бас хатшы­сының экс-орынбасары Ангела Кейн, Норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе және басқа да беделді спикерлер болды.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назар­баев іс-шара қатысушыларына арнаған бейнежолдауында пандемия салдарынан бол­ған әлемдегі тұрақсыздық, эконо­микалық және әлеуметтік дағда­рысқа тоқтала келе, адам­заттың бұл қиындықты да ең­серетініне сенім білдірді. Ел­басы ядролық қарудың қаупі әлі де сейілмегенін баса айтты. «Биыл әлем трагедиялық датаны атап өтті. Осыдан 75 жыл бұрын бірінші рет ядролық қару жарылған-ды. Содан бері бірнеше буын өсіп жетіліп, Хиросима мен Нагасаки апатын естен шығара бастады. Алайда жаһандық ядролық архитектураға жүргізілген талдау бұл бұрыс әрі қауіпті жол екенін көрсетіп отыр. Біріншіден, «ядролық бестікке» ядролық қаруға де-факто ие мемлекеттер де қосылды. Олардың қатарына бұл қаруға ие болуға жақын елдерді де жатқызуға болады. Екіншіден, ядролық арсеналдың 90 пайызы тиесілі Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы шиеленісіп тұр. Үшіншіден, Вашингтон мен Бейжің текетіресі де күрделенді. Төртіншіден, АҚШ-тың Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарынан бас тартуы Иран мен Солтүстік Кореядағы ядролық жағдайдың түйінін шешуді қиындатып жіберді. Бесіншіден, әлемнің жетекші елдерінің жоғары технологиялы қару бәсекесі жаңа сипат алып, ғарышта да жүріп жатыр», деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы өз сө­зін­де Қазақстан Президенті ретінде сыртқы саяси қызме­тінің едәуір бөлігін саналы түрде ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясына арна­ғанын ерекше атап өтті. «Бұған бірнеше себеп негіз болды.

Біріншіден, Қазақстанда бір жарым миллион адам Семей полигонында сыналған ядролық қару­дың қасіретін тартты. Әлемдегі ең ірі ядролық полигон менің Жар­лығым бойынша 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім – адамзат тарихындағы ядролық сынақтарды жүргізуге қойылған тұңғыш заңды тыйым болды. Кейіні­рек басқа мемлекеттер де өз по­ли­гондарын жауып, сынақ­тарды тоқтата бастады. Осылайша біздің елдің үлгісі қолдау тауып, жаһандық сипатқа ие болды. Оның үстіне бұл шешім 1996 жы­лы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт­тың қабылдануына жол ашты. Сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен 2010 жылы БҰҰ 29 тамыз­ды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бұл күн жыл сайын бүкіл әлемде атап өтіледі. Екіншіден, Қазақстан тәуел­сіз­дікке қол жеткізгеннен кейін әлем­дегі төртінші қуатты ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартты. Тарих бұл қадамның дұ­рыстығын растап берді. Біз өзіміздің осы батыл үлгі­мізбен прог­ресс пен гүлденуге бейбіт жолмен жетуге болатынын көрсеттік. Үшін­шіден, Қазақстан ядролық қару­сыздандыру бойынша барлық келісімдерге қатысты. Осынау ма­ңызды бастамада бізге қосыл­ған­дарға алғыс ретінде мен «Яд­ролық қарусыз әлем мен жаһан­дық қауіпсіздік үшін» сыйлы­ғын бекіттім. Қазақстанда одан бө­лек кез келген мемлекетке бей­біт атом саласын дамытуға мүмкін­дік беретін МАГАТЭ банкі құрылды», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы Жаһан­дық көшбасшылар альянсын құру бастамасына қолдау білдірген сая­саткерлер мен белгілі сара­п­шы­ларға алғыс білдірді. «Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы бастамамды қол­даған баршаңызға алғыс білді­­ремін. Альянсты құру және мақ­сатын айқындау жолында қабыл­­даған ашық мәлімдемеміз бұл ба­­ғыттағы алғашқы қадам. Жер ша­ры ерте ме, кеш пе, ядро­лық қа­рудан бас тартып, мен ұсын­­ған «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­­фе­сінің басты міндеті орындала­тынына сенімдімін», деді Елбасы.

Алқалы жиында сөз алған халық­аралық сарапшылардың бірі, Жа­һандық қауіпсіздік институ­тының президенті Джонатан Гранофф Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше маңызы мен рөлін атап өтті.

«Қазақстан мен Тұңғыш Пре­зи­дент Назарбаев шақырған осы іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісінің бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әре­кетке негізделген беделі. Нұр­сұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте та­ныстырған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде айтылған сөз­дер әлемдегі бүгінгі жағдайды толы­ғымен сипаттайды. Көшбасшы елдер өзінің ядролық қару арсеналын толықтырып қана қоймай, оны жарыса жетілдіріп жатыр. Осылайша аса қауіпті қаруды қолдану ықтималдығы күннен-күнге артып келеді. Сол себепті де бүгінгі бастаманың маңызы арта түспек», деді Джонатан Гранофф.

Сарапшы Жаһандық көшбас­шылар альянсын құру бастамасы үшін Елбасына алғыс білдіре отырып, адамзатты осы қауіптен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек екенін және бұдан маңызды мақсат жоқ екенін баса айтты.

МАГАТЭ-нің бұрынғы бас дирек­торы, әлемдік Нобель сыйлы­ғының лауреаты Мұхам­мед әл-Барадей Елбасы баста­ма­сының табысты жүзеге асатыны­на сенім білдіре отырып, ұстан­ған идеяны нақты іске асы­ратын уақыт жеткенін айтты. «Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті Назарбаев айтқандай, «Сене білу – бұл жарты жолдан өту», біздің барлығымыз қарусыз әлем құрылатынына сенеміз, енді сол сенімді жүзеге асыруымыз ке­рек. Сарапшылар ядролық қару әлемге дәл бүгінгідей қауіп төндір­ме­генімен толық келіседі. Себебі қазір жаңа технологияның дамуымен саланың үздіксіз дамып жатқанын көріп отырмыз. Ядролық қаруы бар елдер өзге мемлекеттерді соғыс үрейінде ұстайтыны да белгілі», деді Мұхаммед әл-Барадей.

Сарапшы ядролық қару сала­сындағы қордаланған мәсе­ле­лерді шешу үшін ірі держава­лар­дың келіссөз жүргізуге дайын болуы да маңызды екенін баса айтты.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының ат­қа­рушы хатшысы Лассина Зербо қауіпсіздік мәселесіне арнал­ған белді алаңдардың бірінде сөз сөйлеп, әріптестерімен осы тал­қылауға қатысудың үлкен мәртебе екенін жеткізді. Оның айтуын­ша, ұжымдық әрекетсіз ядро­лық қару мәселесін шешу мүм­­кін емес. Сол себепті де сарап­шы осын­дай сындарлы диа­лог құруға мүм­кіндік беретін алаң­дардың маңызы арта түсетініне сенімді.

Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» (ICAN) атқарушы дирек­торы Беатрис Фин Қазақ­станның Ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ілгерілетудегі ерекше рөлін айқындады. «Осы шартты күшіне енгізу процесіне қатысатын жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның атқарған керемет жұмысын тағы да бір рет атап өткім келеді», деді сарапшы.

Сессия барысында норве­гиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады. «Менің ойымша Қазақстан ұсынған мәселелердің маңызы зор. Бұл елдің мұсылман әлемі мен Батыс, Ресей мен Қытай арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге дайындығы көңілге үміт ұялатады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі бол­ған кезде біз бұған көз жеткіздік», деді Асле Тойе.

Халықаралық бейбітшілік инс­титутының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орын­басары Ангела Кейн де өз сөзінде Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен кезінде аса маңызды рөл атқарғанына назар аударды. «Қазақстан бұл мә­селені қолдап, бастама көтер­мегенде дәл қазір осындай талқы­лау жүргізе алмас едік. Бұл мәсе­леде елдің мықты беделін де айтпай кетпеуге болмайды», деп атап өтті спикер.

Келелі жиында сарапшылар пікірін жалғаған Мадрид клубы­ның президенті және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк жаһандық қауіп-қатер туралы айта келе, әлемдегі шиеленіскен саяси оқиғаларды айқындап алу керектігін баса айтты. Оның айтуынша, біз әдетте ірі державалар арасындағы текетіреске, оны тиімді шешу жолдарына көп бас қатырамыз. Алайда орташа және шағын мемлекеттерді де ұмытпауымыз керек. Одан бөлек Д.Тюрк қазіргі өзекті мәселелерді шешуде тарих пен өткен тәжі­рибеге де мән бергеніміз дұрыс екенін айтты.

Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның Ұлы­британияның танымал баспа­сында жарық көрген «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабының тұсаукесері конференцияның елеулі оқиға­ларының бірі болды.

Автор туындының тұсау­ке­серінде Тұңғыш Президенттің бас­шылығымен тәуелсіз Қазақ­станның жеткен жетістіктері мен өзгерістеріне өз көзімен куә бол­ға­нын айта келе, Нұрсұлтан Назар­баевты «ядросыз әлемнің нағыз қорғаушысы» деп сипаттады.

«Осы кітапты жаза отырып, мен бұл – ядролық сынақтардың кесі­рінен халқының басынан өткен қорқынышты жағдайлар бүкіл адамзат үшін ескерту екені­не сенетін адамның шынайы мис­сиясы екенін түсіндім», деді Руперт Гудман.

Конференция жұмысы Астана клубының Консультативтік кеңес мүшелерінің Альянс жұмысын әрі қарай қолдау қажеттілігі туралы әлемдік көшбасшыларға арналған Ашық үндеуін (Open Call) қабылдауымен аяқталды.