1999 жылы бір топ бас редактор – Мұқтар Мағауин, Ержұман Смайыл, Жүсіпбек Қорғасбек және мен Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алдық.
Кездесу Алматыдағы резиденцияда өтті. Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өту туралы сұрақ қойдым.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Түркістан тарихы тереңде жатыр. Археологтар қаланың маңынан тапқан жәдігерлер уақытын 2000 жыл деп дәлелдеп отыр. Көршілес Қырғыз елі Оштың 2000 жылдығын атап жатқанда, біздің Түркістанды 1500 жыл деуіміз қалай болады? – деген сұрақ қойдым.
Елбасы «Бұл енді ЮНЕСКО шешіміне еніп кетті. Әуелі осы датаны тойлап алайық. Сәті келгенде қайта қарауға болады ғой» деп жауап берген болатын.
2018 жылғы 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа жария түрде қол қойды. Бұл қалың қазақ елінің көкірегіне қуаныш ұялатқан аса маңызды тарихи шешім болды.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
2018 жылғы Түркістан облысына жасаған сапары барысында Елбасы: «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи деректерде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Ол Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі ретінде танымал болды. Сонау ХІІ ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударды. Шығыстың Аристотелі атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби Түркістанның іргесіндегі Отырарда өмір сүрген. Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың Ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті қыпшаққа Ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан маңындағы қасиетті төбелерде қазақтың тағдыры шешілген әйгілі жиындардың өткендігі тарихтан барлығымызға белгілі. Мәртөбеде жыл сайын қазақтың бүкіл игі жақсылары жиналып, мәслихат құрып, елдің мәселелерін талқылап, шешіп отырды. Күлтөбеде әз-Тәуке қазақтың барша аузы дуалы билерін жинап, «Жеті жарғы» заңын қабылдады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы» нәубеттен кейін қазақтың бас көтерер азаматтары түгел Ордабасыға жиналып, сол жерде құрылған әскерменен Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс бергенін білеміз. Сонымен бірге Түркістан қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгі жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Олардың арасында еңсегей бойлы Есім хан, Хақназар хан, әз-Тәуке, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батыр және басқа да көптеген жақсылар мен жайсаңдар бар. Қарап тұрсаңыз шын мәнінде Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қадірлі әрі қасиетті мекен. Біз тәуелсіздікті жариялағаннан бастап Түрік мемлекеті бірінші болып қолдап, Түрік президенттерінің барлығы осында келіп тәу етіп, олармен бірлесіп қазақ-түрік университетін құрдық. Мешіт салдырдық, кесенені жөндедік. Исламда ерекше орны бар, сопылық ілімнің негізін қалаушы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда жатыр. Ислам қағидаларын түркі әлемінің рухани дәстүрлерімен ұштастырған Әзірет Сұлтан қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының руханиятында ерекше орны бар тұлға. Оның басына тұрғызылған алып кесене бүгінде Қазақстандағы ең басты тарихи ескерткіштердің бірі. Түркістан талай ғасырдан бері Қап тауынан Қашғарға дейінгі аралықта мекен еткен тұтас түркі халықтарының зиярат етіп келетін қасиетті орны. Түркі басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі – дәл осы Түркістан», – деді.
Расында ежелден халқымыз Түркістанды қасиетті мекен санайды. Атақты Мағжан ақынның «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген ғажайып өлеңі тіл ұшына үйірілмейтін қазақ жоқ. Түркістан десе бүкіл түркі жұрты тік тұрады. Түркістан десе кеудесін мақтаныш сезімі кернемейтін қазақ жоқ. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Бұл қалада ұлтымыздың тағдырына қатысты талай мәселе талқыланып, түрлі шешім қабылданған. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз содан қалған. Қазақтың небір жақсы-жайсаңдары мәңгілік мекен тапқан қасиетті орын.
Халқымызда «Мәдинада - Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген сөз бар. Киелі шаһарға күллі мұсылман баласы келуге ынтық. Елбасы Түркістанды түлетуге айрықша көңіл бөліп келеді. Тікелей Назарбаевтың ықпал етуімен түркі мемлекеттері Түркістан қаласын «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жариялады. Осыған орай ТҮРКСОЙДЫҢ бастамашылығымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды.
Осындай жағдаяттар негізінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Түркістанды облыс орталығы деп жариялады. Ерекше серпін беретін даму жоспарын белгілеп берді. Бұл ретте қаланың әдемі болуы тек әсем ғимараттарымен ғана емес, мұнда тұрған халықтың мәдениетімен, парасатымен байланысты екенін атап көрсетті. Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекітіп, TURKISTAN арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға жасаған бір сапарында тұрғындармен кездесіп: «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде», деген еді.
Журналистік жолда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымен талай рет сұхбаттастым. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлының қасиетті Түркістан шаһары туралы толғамды ой-пікірі осылайша есімде сақталып қалды.
Нұртөре ЖҮСІП,
Парламент Сенатының депутаты