Қазақстандық әнші Әсел Сәдуақасованың бұрынғы жігіті Асылжан Рақышевқа іздеу жарияланды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің тергеу комитеті А.Рақышевқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Оған «алаяқтық» және «құжатты қолдан жасау» деген баптар бойынша айып тағылған. Алматы қаласы Алмалы аудандық соты А.Рақышевті қамауға алу жөнінде шешім де қабылдапты. Бірақ, оны қолға түсіру әзірге мүмкін болмай тұр.
Зардап шегуші жақтың айтуына жүгінсек, А.Рақышев 2011 жылы әншінің анасы Бақыт Жантөрееваның сеніміне кіріп, пәтерін кепілдікке қоюға көндіреді. Ол кезекті бір тендерге қатысуы үшін өз компаниясының активін үлкейтіп көрсетіп, әнші анасының иелігіндегі екі пәтерді кепілге қою қажет екенін айтып, тендерді ұтып алғаннан кейін пәтерлерді қайтаратынына уәде береді. Өз сөзінің шындық екенін дәлелдеу мақсатында келіссөзді көрсетеді. Осыдан кейін Бақыт Жантөреева өзіне ұсынылған қағаздарға қол қойып берген. Кейін анықталғандай, бұл пәтерлерді сататын жөніндегі құжаттар болып шықты. Зардап шегуші көзіне ота жасатуы себепті сол кезде келіссөздің мәтінін оқымағанын айтады.
Тергеу барысында Жантөрееваның сатылған пәтерлердің ақшасын алмағаны, пәтерлерді сату ойында болмағаны анықталды. Жалпы, қазір А.Рақышев басқа да алаяқтық әрекеттерге барған деген деректер айтылып жүр. Ал мұның алдында оның адвокаты Татьяна Самойленко әнші мен анасы өз еріктерімен пәтерді сатып, жала жауып жатыр деген болатын. Бірақ, соңынан айтқаны дәлелденген жоқ.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз:Tengrinews.kz.