Бейсен Құранбектің туған күні қарсаңында "Алматы" телеарнасының "Сәуле-ғұмыр" бағдарламасында танымал тұлғаға арналған жобаның алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Бағдарлама түсірілімі туған-туыстары, дос-жарандары мен әріптестерінің қолдауымен жүзеге асты.
"Алматы" телеарнасы ұйымдастырған алдын ала көрсетілімге бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен әріптес, қызметтес болған журналистер қатысты.
Белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбекті еске алу құрметіне арналған "Сәуле-ғұмыр" бағдарламасы 5 желтоқсанда, сағат 23:00-де "Алматы" телеарнасынан көрсетіледі.
Еске салайық, журналист Бейсен Құранбек биыл мамырда қайтыс болған еді. Ол бір жыл бойы қатерлі ісікпен күрескен.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған.
2013-2017 жылдары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасының тізгінін ұстаған еді. 2014 жылдан бастап Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры қызметін атқарып келді.