Еуразиялық экономикалық одақ нарығында анықталған 62 кедергінің 51-і жойылды. Осының нәтижесінде ортақ нарықтың әлеуеті арта түсті.
Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың айтуынша, одаққа ортақ нарықтың дамуына кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Бұл ретте, ең алдымен өзара саудадағы кедергілер ойға оралады.
– Әлбетте, экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бәрі ең алдымен Ресей нарығына шығуды жоспарлайды. Сондықтан біз сол елдегі құқықтық кедергілерді анықтауға тырысамыз. Ал анықталған мәселелер халықаралық алаңда талқыланады. Оны жоюдың жолдары қарастырылады, – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Белгілі болғандай, кейбір елдер ЕАЭО аясында қабылданған міндеттемелерді дұрыс орындамайды. Десе де, олардың бәрі кеңінен талқыланып, көп жағдайда оң шешіледі.
– Мәселен, мемлекеттік сатып алулар нарығына кіру құқығына қатысты мәселені алайық. Бұған дейін жекелеген серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларының қол жетімді емес екенін айтқанбыз. Шектеулер бар. Бұған кейбір мемлекеттерде электронды форматтың жолға қойылмауы да кедергі келтіріп отыр. Бұдан бөлек мемлекеттердің тағы бір бөлігі жоғары талап қойып, субъективті себептерді туындатады. Тиісінше біздің тауарлар бәсекеге сай болмай, аталған тендерлерге қатыса алмай жатады, – деді Ж.Күшікова.
Бұл ретте, вице-министр Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияға қатысу құқығын арттыру үшін тиісті хаттама әзірленгенін атап өтті. Оған экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қоймақ.
– Аталған хаттамаға комиссия қызметкерлерін бекітуде біліктілік бойынша міндетті іріктеу енгізу, ол үшін аттестаттау өткізу нормаларын, шұғыл келісімшарттар бойынша талаптар енгіздік. Біз комиссияға жұмыс істеуге баратын қызметкерлерді біліктілік бойынша іріктеуден өткіземіз, – деп нақтылады Ж.Күшікова.
Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері Қазақстанның серіктес мемлекеттермен арадағы өзара саудасы 33 пайызға өскен. Қазақстандық экспорттың нақты көлемі 4 пайызға ұлғайған. Бұл ретте экспорт құрылымында өңделген өнімнің үлесі артып келеді. Бүгінде ол 58 пайызға тең. Сондай-ақ елдің экспорттық қоржынының ассортименті 2 есеге көбейді. ЕАЭО елдері инвестицияларының үлесі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 6 пайызына дейін өсті. Мүше мемлекеттердің қатысуымен кәсіпорындар саны да 2 есе артты.
– Қазақстан үшін ЕАЭО-ның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бұл дегеніміз – 184 млн адамды құрайтын ауқымды тұтыну нарығы. Бұл бізге тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде білім құжаттары өзара мойындалады. Елге келген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркеусіз жүру мерзімі белгіленген. Сондай-ақ жұмысқа орналастыруда шектеу жоқ. Осы орайда 53 секторда бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді вице-министр.
Бұдан бөлек, ЕАЭО үшінші елдермен өткізу нарығын кеңейтуге жол ашады.
– ЕАЭО арқылы біз өзге нарықтарға айтарлықтай тартымды бола бастадық. Вьетнам, Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасалды. Бұл біздің өнімдерге бажсыз немесе кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері бойынша қолжеткізуге мүмкіндік береді, – деді Ж.Күшікова.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Еуразиялық экономикалық одаққа енгелі бері Қазақстан мен Ресейдің базалық көрсеткіштеріне тоқталды. 2016-2019 жылдары Ресейдің өңдеуші өнеркәсібіндегі жалпы импортындағы Қазақстанның үлесі 60 пайызға дейін ұлғайып, 1,5 млрд доллардан 2,5 млрд долларға жеткен.
– Аталған кезеңде Ресей Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі импорты құрылымындағы үлесті 65 пайыздан 70 пайызға дейін арттырды. Ақшаға шақсақ, 6 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін ұлғайды, – деді ол.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбековтің мәліметінше, 5 жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер нарығына көкөніс экспортының көлемін – 9 есе, жеміс экспортын – 4,5 есе, сүт өнімдері экспортын 2 есе ұлғайтты және мұнымен тоқтамақ емес. Өйткені, еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін, терең өңделген өнімдерді экспорттау көлемін ұлғайту бойынша үлкен әлеуетке ие.
– Алайда қалыптасқан оң үрдіске қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалысына қатысты проблемалар әлі де туындауда. Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедергі бар. Бұл кедергілер негізінен фитосанитарлық және ветеринарлық-санитарлық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына қатысты, – деді ол.
Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов ЕАЭО елдері транзиттік жүк тасымалын толығымен электронды форматқа көшіруді көздеп отырғанын жеткізді.
– Транзиттік жүктерге онлайн режімде мониторинг жүргізу мақсатында навигациялық пломбаларды пайдалану жоспарланып отыр. Жаңа технологияларды қолдану арқылы бірыңғай транзиттік жүйені дұрыс құра отырып, біз қазақстандық тасымалдаушыларға экономикалық одақтың бүкіл аумағы бойынша транзит еркіндігін қамтамасыз етеміз. Олар санаулы күннің ішінде тауарын еш кедергісіз жеткізуге мүмкіндік алады, – деді Қ.Баеділов.