• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экология 03 Желтоқсан, 2020

«Киік» акциясы басталды

299 рет
көрсетілді

Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Бұл бра­коньерліктің алдын алу­ға, сондай-ақ фаунаның бас­қа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған қыл­мыстық топтардың қыз­метін анықтап, олармен күрес жұмыстарын кү­шейту мақсатына ба­ғытталған шара.

«Киік» акциясына «Охот­зоопром ӨБ» кәсіпор­нының Жа­нуарлар дүниесін қорғау қыз­метінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын көлік, 23 қар­да жүргіш техникасы, 2 бір­лік «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылады. Со­нымен қоса «Охотзоопром ӨБ» бастамасымен ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар мен Жануарлар дүниесін есептеу және мониторинг бөлімдерінен инс­пекторлар тартылмақ.

Әр өңірлік филиалда облыстық аумақтық инспекциялар мен іш­кі істер орган өкілдерінен жа­сақ­талған бірлескен мобильдік топтар жұмыс істейді. Сондай-ақ әкімдіктердің келісімімен бел­гіленген карантиндік блок бе­кеттерінде «Киік» кең ауқымды ак­циясы бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізілмек.

Аталған науқан Ақмола, Ақ­төбе, Атырау, Жамбыл, Ба­тыс Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды, Қостанай, Қызыл­орда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс­тарының аумағында өткізіледі.

2019 жылы киіктерді заңсыз атудың 47 бра­коньерлік фактісі анықталып, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленді. 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заң бұзушы тартылды. Табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құрады.

Былтыр Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза кү­шейтілді. Қолға алынған акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады.