Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты ғылыми жиын өтті. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған іс-шарада Фараби әлемін әйгілеп, ұлы баба мұрасын халқымен қайта қауыштырған көрнекті ғалым Ақжан Машанидің есімі ерек аталуы тегін емес.
Ұрпақты ізгілік иірімінен жаңылмауға үндеген тұғырлы тұлғалар тағылымын арқау еткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбсаттар Дербісәлі, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әл-Фараби орталығының директоры, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Бекжан Мейірбаев, Ақжан Жақсыбекұлының жары Жамал Шорайқызы Машани, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Зада Дүкенбаева, сонымен қатар басқа да көрнекті қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара аясында Әбу Насыр әл-Фараби мен Ақжан Машанидың Түркі академиясы басып шығарған жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімдері жасалды. Атап айтқанда, әл-Фарабидің «Книга о словах, употребляемых в логике» трактаты алғаш рет араб тілінен толық аударылып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Сонымен қатар академия баспаға әзірлеген Ақжан Машанидің «Әлем шырайы» атты еңбегі мен «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты ғылыми жинақ та әл-Фараби жылындағы жобалардың табысты нәтижесі деп айтуға болады.
– Әл-Фарабидің рухани-адамгершілік мұрасын насихаттау, қайырымды қоғам құндылықтарын таратуға қажетті білім мен дағдыларды ынталандыру мақсаттарын жүзеге асыруда Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе атқарған шаралардың маңызы зор. Мерейтойлық жыл әрине әл-Фараби мұрасын зерделеуге, қайта қарастыруға, көпшілікке кеңінен таратуға жаңа серпін берді. Сонымен қатар әртүрлі себептермен бұрын еленбеген қырларына көңіл аударуға жол ашты. Академияның бастамасымен өткен бүгінгі басқосудың мақсаты да отандық фарабитанудағы өзекті мәселелерді қайта қарастыруды көздейді. Бұл бағытта айтулы ғалым Ақжан Машанидің еңбектері біз үшін айнымас темірқазық, – деп атап өтті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Ғалымқайыр Мұтанұлы атап өткендей, Ұлттық университет әл-Фараби мұрасын зерделеуге жол ашатын тұлғалардың есімін әйгілеуге айрықша үн қосып отыр. Жуырда ғана оқу ошағындағы әл-Фараби мұражайына Ақжан әл-Машанидың мүсіні қойылған болатын.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі атаулы жылы атқарылған маңызды шараларға тоқтала келіп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғаса беретінін жеткізді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған биылғы әл-Фараби жылында Мемлекеттік комиссия құрылып, халықаралық ауқымда көптеген шара ұйымдастырылды, түрлі жинақтар жарық көрді. Бүгін оқырманға жол тартып отырған кітаптар соның жалғасы іспетті. Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани кеңестік кезеңнің өзінде ағынға қарсы жүзіп, ұлтымыздың ұлы ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің жарқын есімін, телегей теңіз мол мұрасын қазақ халқымен табыстырды. Тәуелсіз еліміздің қазіргі ұрпақтары оны әл-Фараби мұрасының шырақшысы, шығыс ілімінің білгір абызы санайды. Ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауындай болған ғалымның «Әлем шырайы» және «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты кітаптарының жарық көруіне мұрындық болғанымыз да сондықтан. Жыл қорытындысындай болған бүгінгі шараны ұлы ойшылдың есімін иемденген қара шаңырақта өткізуіміздің де өзіндік символикалық мәні бар, – деді Дархан Қыдырәлі.
Басқосуда сөз алған академик Әбсаттар Дербісәлі әл-Фараби мұрасынан сусындап тереңге тамыр жайған Ақжан Жақсыбекұлының ғылымдағы қайраткерлік жолына тереңірек тоқтала келіп, ғалымның дін мен дәстүрге тән ортақ гармония қалыптастырғанын қадап айтты. Ал Ақжан әл-Машани ұзақ жылдар еңбек еткен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қабырғасынан ашылған әл-Машани орталығының негізін қалаушы ғалым Ұлықпан Сыдықов әл-Фараби мен әл-Машаниге ортақ ұлылық үндестігі уақыт өткен сайын ұрпақ жадында жаңғыра беретінін, Түркі академиясы арқылы оқырманға жол тартқан туындылар қазақ ғылымы үшін үлкен олжа болғанын айтып өтті.
Айта кету керек, шара барысында академия басшысы Дархан Қыдырәлі түркі әлемі ғылымының дамуына және тарихи тамырластықты зерделеуге қосқан үлесі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты, белгілі шығыстанушы, академик Әбсаттар Дербісәліні, философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақыпбек Алтаевты Халықаралық Түркі академиясының медалімен марапаттады.
АЛМАТЫ