Елордадағы MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында Тұңғыш Президент күніне орай, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты мен Ruh.kz ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Сүйікті астана» атты фотокөрме өтуде.
Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен дүниеге келген сүйікті астана бүгінде өткеннің бай мұрасы мен қазіргі заманның ең жақсы жетістіктерін үйлестіре отырып, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жарқын бейнесіне айналды.
Фотокөрмеге әуесқойлармен қоса, кәсіпқой фотографтар да қатысты. Көпшіліктің алдына қойылған жұмыстар байқау арқылы таңдалды. «Сүйікті астана» деп аталатын экспозицияға елордаға деген сүйіспеншілікті көрсететін, ерекше тәсілмен түсірілген үздік кадрлар кірді.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Тоқтарова фотокөрмеден алған әдемі әсерін былайша жеткізді.
«Қазіргі күні ұялы телефоннан бастап фотоаппаратқа дейін суретке түсірудің сан түрлі техникалары бар. Барлығы фотосуреттің не екенін ұмытқан. Іс «аваға түсір» деумен ғана шектеледі. Аталмыш фотобайқау шығармашылықтың маңыздылығын байқатады. Әлбетте, жағымды, позитивті эмоцияларды қалаймыз. Біздің Нұр-Сұлтан – әдемі қала. Көрмеге қойылған суреттер соның айқын дәлелі. Суреттерден өзгеше әсер алу үшін қаншама зейін, аңғарымпаздық қажет».
Елорда тарихына үңілгісі келетін кез келген адам көрмеге барып, сүйікті астанамыздағы әсем көшелер мен аспанмен теңескен зәулім ғимараттарға бір сәт саяхаттай алады.