Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасында қыркүйектің алғашқы күндері облыс аумағында бастау алған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытыныдысы шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Соңғы 85 күн ішінде солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторлар өз әкімшілік учаскелеріндегі аулаларды тексерді. Операцияның басты мақсаты - облыстың кез келген тұрғынының өз учаскелік полиция инспекторын жақсы тануы үшін әр үйде, әр пәтерде болып, байланыс нөмірлерін қалдыру. Соның барысында қалада 934 зейнеткердің жалғыз тұрып жатқандығы белгілі болды. Зейнеткерлермен алаяқтар мен интернет-алаяқтардың құрбанына айналмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев нақтылап кеткендей, учаскелік инспекторлары үшін облыс 289 учаскеге бөлінген, онда 89800 көпқабатты үйлер мен 12569 жеке меншік үйлер орналасқан. Тұрғылықты жері бойынша ІІО есебіндегі 5664 тұлға тексерілді, оның 862-сі бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар. Облыс бойынша 7553 азаматтық қару иесі бар, олар да тексерілді. Тексеріс кезінде қаруды сақтау ережелерінің 101 бұзушылығы анықталып, 17 ұңғы алынды. Соңғы 85 күн ішінде барлығы 11539 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның екі мыңнан астамы алкогольдік ішімдіктер ішу, немесе масаң күйде қоғамдық орындарда жүру.
Солтүстік Қазақстан облысы