Қарапайым халық мүддесіне деген Елбасының қамқорлығы қашанда зор. «Елімнің табанына батқан шөгір, менің маңдайыма қадалсын», деген қағидатты пір тұтатын Тұңғыш Президентіміз қиналған жандарға қол ұшын беруді ешқашан кейінге қалдырған емес. Оған ұлан-ғайыр Қазақстанның барлық өңірлерінен келіп жатқан алғыс хаттар куә.
Қарапайым халық мүддесіне деген Елбасының қамқорлығы қашанда зор. «Елімнің табанына батқан шөгір, менің маңдайыма қадалсын», деген қағидатты пір тұтатын Тұңғыш Президентіміз қиналған жандарға қол ұшын беруді ешқашан кейінге қалдырған емес. Оған ұлан-ғайыр Қазақстанның барлық өңірлерінен келіп жатқан алғыс хаттар куә.
Ілтипатын көріп, жаным жадырады
Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен алғаш рет 1980 жылдың сәуір айында кездестім. «Қазақстан теміржолының» облыстағы бөлімінің бастығы ретінде Алматыға есеп беру жиынына келдім. Осы басқосуға Орталық комитет хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Сол кездегі еліміздегі өнеркәсіп, автокөлік және коммуналды шаруашылық салаларына жетекшілік етті. Есеп беру жиынында өзіме қойған сұрақтары әлі күнге дейін есімде. Бұдан кейін Мәскеуде өткен КОКП-ның 27-ші съезінде жүздестік. Одан соң да түрлі партиялық және шаруашылық жиындарында жолымыз түйісіп жүрді.
1981 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс сапарымен облысқа келді. Теміржол саласының мәселелері жөнінде әңгімелестік. Облыс орталығындағы Бірінші Май көшесіндегі тұрғын үйдің салынуы ол кісінің қолдауымен бой көтерді. Мына бір естелікті айтпай кету мүмкін емес. Президент Ақсу-Дегелең (Курчатов) бағытындағы теміржолдың ашылу салтанатына қатысты. Мінбеде сөйлеп тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы бір кезде сәл кідірді де: «Достық стансасын және Қытаймен арадағы теміржол байланысын дамыту мәселесін алғаш көтерген мына кісі», деп көпшілік арасында тұрған мені нұсқады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы облыс орталығындағы электролиз зауытының ашылуына қатысты. Бір кезде көптің арасынан мені көріп қалды. Амандасқан соң, денсаулығым, отбасым және теміржол саласының бүгінгі жай-күйі туралы сұрады. Айтайын дегенім, ол кісінің қарапайымдылығы, бізді замандас көрген өткен күндерге деген сыйласымдылығы ғой. Ілтипатын көріп, жаның жадырайды. Бүгінде 70 жастан астым. Өмірден жинаған мол тәжірибем бар. Менің білетінім, елінің бағына қандай қиын кезеңде болсын жол таба білетін Елбасы бар халқымыздың ертеңі жарқын.
Әби САРҚЫНШАҚОВ,
теміржол саласының ардагері,
облыстың Құрметті азаматы.
ПАВЛОДАР.
Ұмытылмайтын шапағат
Бұл сонау 1992 жылы болған оқиға еді. Ол кезде мен Қарабалық ауданындағы Комсомол құс фабрикасында мал дәрігері болып қызмет істейтінмін. Жолдасым да осы кәсіпорында жұмыс істеді. Ол жұмыс басында өндірістік жарақат алып, бір аяғынан айырылды. Ол кезде баспана кезекпен берілетін, қазіргідей тұрғын үй нарығы болмайтын. Біз бала-шағамызбен төбесінен су аққан ескі үйде тұрып жаттық. Екеуміздің еңбек өтіліміз 35 жылдай болатын. Кезегіміз келіп әрі кәсіпорынға сіңірген еңбегіміз де бар, пәтер аламыз деп қуанып жүрдік. Уақыт та қиын еді ғой. Бұл өлара кезде кәсіпорынның соңғы салған үйі болатын. Оны жұрт сезінді де. Сондықтан барлығы алып қалуға тырысты. Бірақ әділдік болу керек емес пе? Кезегіміз келсе де, жағдай аяқ астынан басқаша шешілетін болды. Өйткені, біз тұратын Веренка селосының және құс фабрикасының басшылығы, кәсіподақ ұйымы бірауызды болып, пәтерді әскер қатарынан енді келіп, үйленген жас жігітке беретін болды. Біздің кезегіміз, әділдік деген айдалада қалды. Мен аудандық әкімшілікке арыздандым. Бірақ одан да нәтиже болмады. Қазір біраз уақыт өтіп кетті, сол кезде бұратартқан кісілердің атын атап қайтейін. Пәтер дауын сол кезде 8 комиссия қарады, басшылар барлығының аузын алып қойды, барлығы да пәтер Бәйтіковтерге берілмесін деп шешті. Менің амалым таусылды. Жолдасым мүгедек, балаларым жас, не істеуім керек. Жұмыстан шаршап, ашық түрде бізді басынған басшылардың қылығынан сілем қатып келе жатып, поштаға кірдім. Сол жерде тұрып, Президентке хат жазу ойыма келді. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, оқушы дәптерінің бір парақ қағазына көз жасымды төгіп отырып, Нұрсұлтан Әбішұлына кішкентай селода орын алып жатқан әділетсіздік туралы хат жаздым.
Көп ұзамай мен жұмыс істейтін Комсомол құс фабрикасына облыстық әкімшіліктің заңгері келді. Жап-жас жігіт екен, істі астан-кестеңін шығарып тексерді. Заңгер қисынсыз қателіктердің барлығын ашып, анықтама жазып беріп кетті. Мен осы тексерістің қорытындысын алып, аудан және кәсіпорын басшылығын аудандық сотқа беріп, жеңіп шықтым. Біздің отбасымыз қиын жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жаңа үйге кіріп, жан сақтаған едік. Мен бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын және содан кейін әділдіктің салтанат құрарына сенетін болғанмын.
Рая БӘЙТІКОВА,
еңбек ардагері.
Қостанай облысы,
Қарабалық кенті.
Баламды зағип болып қалудан Елбасы құтқарды
Бүгінде 4 жас, 8 айға толып отырған балам Нұрәли Есімұлы дәрігерлердің салғырттығынан зағип болып қала жаздады. Қалай екені белгісіз, сәбиіміз отыратын уақыты келгенде отыра алмады. Әупірімдеп еңбектей бастағанда, шақырсаңыз келгісі келеді-ақ, бірақ басқа жаққа бұрылып кетеді. Бұл қадам жүрегіме инедей шаншыла берді. Қалай ғана қол қусырып қарап отырмақпын. Іздендім. Мұңымды газеттерге жазып, интернет желісі арқылы да тығырықтан шығу жолын іздедім. Көз жасымды құдай көрді. Бір күні облыс әкімі шақырып жатыр деген соң, хабаршыларға ілесіп бардым. Сөйтсем, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев менің жағдайымды газеттен оқып, дереу көмектесу керек деген ұйғарыммен бүлдіршініме қол ұшын созған екен.
Содан Алматы облысының әкімі бас болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрәлиімнің көзіне ота жасатуға кірісті. Нақтылай түссем, өзім интернет желісі арқылы тапқан Санкт-Петербург қаласындағы адам көзіне ота жасайтын дәрігер Артур Барановқа 2011 жылдың 16 сәуірінде бірінші отаны жасаттық. Сәтті болды. Осы сәттілік үшін әуелгі кезекте Аллаға, сосын Елбасына айтар алғысым шексіз.
Құдайға шүкір, Талдықорған қаласындағы жеке секторда қос бөлмелі үйді жалға алып, үш баламмен өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым кезінде өңірдегі қант зауытында жұмыс істеген, қазір ретіне орай әртүрлі жұмыс істеп бізді бағуда. Үш баламызға жәрдемақы аламыз. Қанағат. Ең басты тілегіміз енді Нұрәлиімізді Оңтүстік Кореяның Сеул қаласына апарып қосымша ота жасату керектігін дәрігерлер ұдайы ойымызға салуда. Соның реті қалай болар екен?
Нәзира ҚАБДУАЛИЕВА,
үй шаруасындағы ана.
ТАЛДЫҚОРҒАН.
Президент тапсырмасымен салынды
2005 жылдың мамыр айында Ақжайыққа сапары кезінде Елбасы біздің университетте болып, мұнда тұңғыш рет «Жасыл ел» бағдарламасының тұсауын кесті. Әрі өз қолымен көшет отырғызды. Кейіннен елімізде кеңінен өркен жайған «Жасыл ел» жанашырларының алғашқы қадамы осылай басталып еді. Біздің ұжым үшін сол кездегі басты проблеманың бірі – жаңадан ашылған машина жасау факультетінің арнайы ғимаратының жоқтығы болатын.
Алайда, біз жамбасымызға қара тастай батып жүрген бұл мәселені Нұрсұлтан Әбішұлына айтуды қажет деп таппадық. Болашақта әйтеуір өзінің ретімен шешіле жатар деп ұйғардық. Жоғары оқу орнының студенттерімен, оқытушы-профессорлар құрамымен емін-еркін жүздесіп, ой-пікір алмасқан Мемлекет басшысы кетерінде: «маған айтар қандай бұйымтайларыңыз бар, қысылмай айтыңыздар» деген еді.
Тек осы кезде ғана көкейімізде жүрген мәселені іркіп қалудың ретін таба алмадық. Айтайын дегеніміз, бұған Елбасының тікелей шапағаты тиген еді. Нұрекең дәл сол сәтте жанында тұрған сол кездегі республиканың Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімоваға бұл мәселені шұғыл арада шешу жөнінде ұсыныс әзірлеуге тапсырма берді. Бір айдан кейін Оралға сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметов келіп, машина жасау факультетінің жаңадан тұрғызылатын ғимараты үшін бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінетіндігін мәлімдеді. Бұл хабар бізді үлкен қуанышқа бөледі.
Көп кешікпей құрылыс басталып та кетті. Міне, осылайша студенттер тәлім-тәрбие алып жүрген бүгінгі зәулім ғимараттың бой көтеруіне Елбасымыздың өзі бастамашы болып еді. Мұны қалай ұмытарсың. Бүгінгі Тұңғыш Президент күні мерекесінде аймақтық университеттің ұйымшыл ұжымына үлкен қуаныш әкелген осы жағымды жайтты оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Қазыбай БОЗЫМОВ,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан
аграрлық-техникалық университетінің ректоры.
ОРАЛ.
Мың алғыс айтқан миллионның біріміз
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны бойынша түсірілген тарихи фильмдегі басты рөлге Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Жұмахан Әбдіқадыров түсті. Бірақ, өкінішке қарай, осы талантты актер шығармашылық қызметпен сапарда жүрген кезінде жол-көлік апатына ұшырады.
Дәрігерге қаралып, бірнеше рет ота жасатты. Бірақ, оның бәрі көңілдегідей болмады. Жұмахан екеуміздің бір үмітіміз шетел дәрігерлерінің көмегіне жүгініп көру болатын. Бірақ ол үшін бізге қомақты қаржы керек екені белгілі. Осы жағдайды айтып, еліміздің Тұңғыш Президенті атындағы қорға хабарластық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің хатымызды қаперге алып, күйеуімнің атына ашылған есеп-шотқа Елбасы қорынан 5 миллион теңге бөлгізіп берді.
Біз мұны Елбасымыздың еліне деген, сол елінің әрбір отбасына деген миллиондаған қамқорлығының бір ғана мысалы деп білеміз. Елбасына алғыс айтқан сол миллионның бірі болғанымызға біз де шүкіршілік етеміз.
Гүлшат ҚЫПШАҚОВА,
Жамбыл облыстық
қазақ драма театрының әртісі.
Жамбыл облысы.