Алакөл ауданында қауіпті індеттің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі – аудандық ауруханада оттегі стансасының іске қосылуы, деп хабарлайды Egemen.kz
Стансаның барлығы 94 нүктеге оттегін тәулік бойы қамтамасыз етіп, сағатына 6 баллонды өздігімен толтыруға қауқары жетеді. ATASAM/ OXL-600 маркалы бұл станса Түркия елінде жасалынған.
Аппарат келесідей компоненттерден тұрады: Компрессор › кептіргіш › алдын ала сүзгі › ауа цистернасы › медициналық оттегі өндіретін генератор › медициналық оттегі цистернасы › соңғы сүзгі › қысым бақылаушысы. Оттегі стансасы толықтай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Unitronic маркалы мониторының жұмыс кернеуі 24 DC, екі нөлдік байланыс нүктесі, 4,3 PLC сандық дисплейі бар және түрік-ағылшын-орыс-араб-парсы қаріптері енгізілген.
Орнатылған күннен бастап 8 кірісі мен 4 шығысы бар оттегі өндірісінің жүйелері жалпы тоқтау уақытын, жалпы жұмыс уақытын, өндірілген оттегінің жалпы мөлшерін, күні мен уақытын бақылап отырады. Сондай-ақ монитордың тағы бір ерекшелігі — оттегінің тазалығы төмендеген жағдайда экранға бес тілде ескертпелер шығады.
Оттегінің өндіріс қуаттылығы сағатына 36 текше метр. Бұл оттегі стансасы науқастарға ем жасауда дәрігерлерге үлкен көмек болары анық.