Елордада теннистен ITF Juniors J3 санатына енетін жасөспірімдер арасындағы «Nur-Sultan Open» халықаралық турнирі басталды.
Беделді жарысты Халықаралық теннис федерациясы мен Қазақстан теннис федерациясы бірлесіп өткізуде. Турнирде 6 елдің, атап айтқанда АҚШ, Германия, Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Украинаның үздік жасөспірім теннисшілері бақ сынап жатыр. Қазақстан намысын еліміздің ең мықты жасөспірім теннис шеберлері Татьяна Николенко, Елизавета Карлова, Аружан Сағындықова, Данил Озерной, Артур Хайрутдинов секілді спортшылар қорғауда.
Айта кетейік, жарыста жеңімпаз атанған теннисші ITF жасөспірімдер рейтингінде 100 ұпай иеленеді. Бұл додада жас теннисшілер әлемдік рейтингтегі орнын жақсартып қана қоймай, шетелдік жетекші спортшылармен ойнап, тәжірибе жинақтайды.