• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Желтоқсан, 2020

Ведомстволық кеңестің отырысы

107 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.

Кеңесте ведомство өкілдері бей­не­­конференцбайланыс режі­мінде елімізде әлеуметтік қызмет көр­сетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жос­парының жобасын, арнаулы әлеу­меттік қызметтер саласын жан басына нормативтік қаржыландыруға көшу тәсілдерін, Әлеуметтік қам­сыз­­дандыру кодексінің «Әлеу­мет­тік қызметкерлердің оң мәртебесі» бө­лі­мін жұртшылыққа таныстырды.

Іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, жергілікті ат­қарушы органдар, еліміздің меди­циналық-әлеуметтік мекемелері, Әлеу­меттік жұмыстың басым ба­ғыт­тары мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық кеңес, эконо­микалық және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту, әлеумет­тік қызметтер жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі мен жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен өтті.

Онлайн-конференция барысында А.Саин қазір ауқымды жүйелі өзгерістер болып жатқанын, олардың ұлттық жоспарда көрініс тапқан атап өтті. «Біз балалардың мүгедектігін азайту жөніндегі жол картасын – скринингтік диагностика сатысында қажетті медициналық және түзету-педагогикалық көмек алу үшін Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылдадық. Бұл балалардың төлемдерге, техникалық оңалту құрал­­дарына және әлеуметтік қыз­меттерге мұқтаж болуын төмен­детуге ықпал етуге тиіс. Жол кар­­та­сы 3 жылға есептелген, оны келесі жылдан іске асыра бастаймыз. Барлық мүдделі органның қолдауына үміт артамыз, өйткені бұл – біздің ортақ ісіміз. Шешілуі қажет маңызды міндеттердің бірі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен жағдайы. Егер сіз кәсіби кадрларды тартпасаңыз, адам­дарды өз жұмысына адал болу­ға ынталандырмасаңыз, жү­йе­де бірдеңені өзгерту қиынға соға­ды. Сондықтан әлеуметтік қызмет­кер­лердің жалақысын көтеруді толықтай құптаймын және мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалаймын», деді А.Саин.

Сондай-ақ кеңес барысында Ұлттық жоспар жобасының та­ныс­тырылымы бойынша атал­ған министрліктің Әлеумет­тік қыз­меттер саясатын дамыту де­пар­таментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова сөз сөйледі. «Мемлекет басшысының был­тыр­ғы 2 қыркүйектегі «Сындар­лы қоғамдық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын орындау аясында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» бағыты белгіленгенін атап өткім келеді. Осы жұмыс шеңберінде бізде Әлеуметтік жұмыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес жұмыс істейді, Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орта­лық құрылды, Әлеуметтік қызмет­тер порталы енгізілді және барлық өңірде отбасын қолдау орталықтары құрылды», деді спикер. Жан басына шаққандағы норма­тивтік қаржыландыруға көшуге қатысты Д.Сәдуақасова мұндай модель балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және т.б. іске асырылғандай «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар Әлеуметтік қамсыз­дандыру кодексінің «Әлеу­меттік қызметкерлердің оң мәрте­бесі» тарауын таныстырған ве­домствоның Әлеуметтік көмек сая­сатын дамыту департаментінің дирек­торы Асқар Ниязов әлеумет­тік қыз­меткер мәртебесін арттыру үшін бірқатар шара қа­был­да­натынын жеткізді. Атап ай­т­қанда, «әлеуметтік қызметкер» ұғы­­мы ай­қындалып, мәртебесі заң­на­ма­лық түрде бекітіледі, тіркеу және аттестаттау арқылы әлеуметтік қыз­меткерлерді есепке алу жолға қойылады, біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптар артады, кадрларды даярлау және үздіксіз білім беру деңгейі жетілдіріледі.

Қазіргі уақытта елімізде әлеу­­меттік қызметкерлер тесті­леу­ден өтіп жатыр. Биыл 5 жел­тоқ­санға дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспар­лануда. Тестілеу әлеуметтік қыз­­меткерлердің базалық білім дең­гейін анықтау үшін өткізіледі, содан кейін оларды оқыту жүр­гізіледі. Бұл Қазақстанда әлеу­мет­тік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасында қарастырылған.