Петропавлдың 25 жастағы әйел тұрғыны интернет арқылы жиһаз сатуға хабарландыру берген. Көп кешікпей «алушы» хабарласып, әдемі сөйлеп, «ақша аудару үшін» қыздың жеке деректерін сұрайды. Біршама уақыттан кейін Ватсап арқылы «алушы» қайта хабарласып, бұл картаға ақша аудару мүмкін болмағанын, сондықтан басқа бір карта болса айтуды өтінген. Өйткені, оның картасында ұрлайтын ақша болмаған болуы керек, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тауарының жақсы бағаға өтетініне қуанған қыз құрбысынан өзінің деректерін беруді сұрайды. Досы айтқан соң амал бар ма, ол қыз да оңай көніп, барлық деректерін бере салған. «Алушы» оған тағы хабарласып, SMS-пен келетін сандарды да айтуды өтінген. Бәрін берген қыз өзінің банктегі депозитінен 1 млн 300 мың теңгенің жоқ болып кеткенін бір-ақ көріп, санын соғады.
Алушының алаяқ екенін сонда ғана білген қыздар полицияға қайрылуға мәжбүр болған. Жыл басынан бері бұл облыс аумағында тіркелген 375-ші интернет – алаяқтық болып отыр.