• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Желтоқсан, 2020

Елордалық көпбалалы аналар "30 игі іс" акциясына қолдау көрсетуде

266 рет
көрсетілді

Елордалық көпбалалы аналар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясына қосылды. Bilim All оқу орталығы көп балалы отбасылардан шыққан балаларды тегін оқытады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазіргі таңда біз Bilim All IT оқу орталығын аштық. Қалада ұйымдастырылып жатқан «30 игі іс» шарасына қатысудамыз. Біз көпбалалы отбасылар балаларын тегін оқытамыз. Демеушілер тауып, қаржылай көмек көрсетіп, азық-түлік себеттерін таратамыз. Өткізіліп жатқан аталмыш шараға белсене атсалысып жатырмыз», – «Strong mothers NS» қорының құрылтайшысы Ұлжан Мырзагелдиева.

Орталықта аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылар мен қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан оқушылар түрлі курстар бойынша тегін қосымшаларға қатыса алады. Bilim All орталығында ұзартылған күн топтары, орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдері, математика курстары, шахмат үйірмесі, шығармашылық шеберхана, гитара және домбыра сабақтары ұйымдастырылған.

«Бізде көпбалалы отбасылардың балаларына ағылшын тілі сабағы екі ауысымда, тегін өткізіледі. Сабақ нақты бағдарлама негізінде беріледі. Балаларды тіл білу деңгейіне, жас топтарына байланысты бөлеміз. Бастауыш сыныпта оқитын балалар үшін оқу қиын, сондықтан басымдылық соған беріледі. Ал орта буынға грамматика, сөздер үйретуге көмектесеміз», – дейді ағылшын пәні мұғалімі Гүлнәз Мақатова.

Еске сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «30 игі іс» ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтуде. Бұл эстафетадағы ең басты мақсат – қала мен оның тұрғындары үшін игі іс жасау.

Қала тұрғындары эстафетаға қосылып, акция аясында өз аккаунттарында #Мейірімдіболуәдет, #Добротаобразжизни #Моднобытьдобрым хештегімен ақпарат немесе бейне жариялай алады.