Аргентина елдегі ең бай азаматтарға дәрі-дәрмек пен пандемия жағдайында енгізілген шаралардың шығынын төлету үшін жаңа салық түрін қабылдады.
Сенаторлар бір реттік «миллионер салығын» 26 қарсы дауысқа 42 депутаттың қолдауымен өткізді. Жаңа заң 200 млн песо, яғни 2,5 млн доллардан асатын активтері бар азаматтарға қатысты. Бұл салықты шамамен 12 мың адам төлеуге мәжбүр болады. Елде 1,5 млн-ға жуық адам вирус жұқтырып, оның 40 мыңға жуығы қайтыс болған. 45 млн халқы бар ел үшін бұл ауыр соққы болды. Карантин шаралары елдегі онсыз да жұмыссыздық, кедейлік, үкіметтің қарыздарымен құрдымға кеткен экономиканы одан әрі құлдыратып жіберген. Жалпы, Аргентина экономикасы 2018 жылдан бері рецессияда.
Жиналған қаражаттың 20%-ы дәрі-дәрмекке, 20%-ы шағын және орта бизнеске, 20%-ы студенттердің стипендиясына, 15%-ы әлеуметтік жобаларға, ал қалған 25%-ы табиғи газ өндіретін кәсіпорындарға жұмсалады.