Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивімен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл маңызды уағдаластық ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға әрі екі ұйым арасындағы байланысты нығайтуға жол ашпақ.
Мұндағы мақсат – екі жақтың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану, мәдени мұраны сақтау, елдің тарихына, мәдениетіне және тұрмыс жағдайына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығын анықтау. Сонымен қатар каталогтендіру, қолжазба баспалары, литография, беттік баспа, цифрлы көшірмелер мен қолжазбаларды қолдану және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысу мақсатында мамандармен алмасу да көзделеді. Осыған сәйкес келісімшарт аясында ұзақ және қысқа мерзімді тағылымдамадан, оқу-өндірістік және ғылыми тәжірибеден өту және зерттеушілермен кәсіби тәжірибелер алмасу көзделген.
Шара барысында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Мәлік Отарбаев пен қалалық архивтің директоры Мейрам Бектембаев идеяларды ілгерілетуге уәделесті. Алдағы уақытта ортақ мүдде үшін аянбай еңбек етуге әрі архив саласының дамуына күш салуға сөз берді.
Айта кетейік, екі тарап ғылыми консультанттарды тарту арқылы ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Тараптар біріккен конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, басқа да ұқсас ғылыми шаралар және өзге де бастамаларды жүргізеді.