Күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларының бағасын өсіруге жол бермеу – жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне үлкен сын. Осы қатарға кіретін азық-түлік тауарының басында нан тұратыны белгілі. Соңғы кезде Орал қаласында нанның бағасы өсті. Ресми деректерде бағаның өсу мөлшері 5-10 теңге деп айтылғанымен, шын мәнісінде нан бағасының өсімі одан көбірек.
Мұның сыры неде? Өңірдегі мамандардың айтуына қарағанда, мұның бірнеше себебі бар көрінеді. Яғни нан бағасының қымбаттауына ұн бағасының көтерілуі әсер еткен. Соның ішінде негізінен дән бағасының өсуімен байланысты. Айталық қазіргі күні 1 тонна ұнның бағасы 100-105 мың теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал 1 жыл бұрын бұл құн небәрі 80-85 мың теңге құрағанын ескерсек, есепті кезеңде едәуір айырмашылық бар. Мамандар нан бағасы өсуінің тағы бірнеше себептерін атап отыр. Мұның біріншісі, биыл өңірде жиналған астық сығындылығының төмендігі болса, екіншісі, облыстағы астық өсіретін құрылымдар ең алдымен ішкі қажеттілікті толықтырудың орнына өнімді экспортқа шығаруға басымдық беруге ұмтылады. Әрине мұндай қадамға шек қоюдың жөні жоқ. Өйткені кез келген тауар өндірушінің басты мақсаты – табыс табу, шығын мен маңдай тердің өтеуін қайтару. Әйтсе де аталған мәселеге тағы бір қырынан келсек, биылғы жиналған астық мөлшерінің аздығы жағдайында нан бағасын тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі байқалады.
Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары экспортқа шығарылатын бидайдың көлеміне шектеу белгілеу жөнінде Премьер-Министрдің кеңсесіне арнайы хат жолдауды қажет деп тапқан. Олар осындай квота белгілеу арқылы елімізде азық-түліктік бағыттағы бидайға деген сұранысын толықтай өтеуге болады деп тұжырымдайды.
Орал өңірінде бұл жағдай негізінен жоғары сұрыпты ұннан жасалатын нан-тоқаш өнімдеріне қатысты. Алайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы жоғары тауарлар бағасына байланысты отырыста айтылғандай, бағаның өсуі нан пісіру технологиясына немесе оның құрамына байланысты деп үзілді-кесілді тұжырым жасаудың қисыны жоқ. Өйткені жоғарғы сұрыпты ұннан бұған дейін де нан әзірленген, алдағы уақытта да әзірлене бермек. Аталған көрініс тауар өндірушілердің бағаны күрт өсіруіне басты негіз бола алмасы анық.
Ақжайық өңіріндегі басшылар «Бірінші сұрыптағы нан бір жылдан астам уақыттан бері облыс бойынша 80 теңгеден сатылуда, бұл республика бойынша ең төменгі баға» деп қайталайтынын жиі естиміз. Бұл – қарапайым тұрғындар мен көп балалы отбасылар үшін әлеуметтік тұрғыдан әжептәуір қолдау. Сондай-ақ қаланың әр түкпіріндегі шектеулі арнайы сауда орындары мен дүңгіршектерді аралап шыққанда, көп жағдайда сөрелерден әлеуметтік нанның өзін емес, тек 80 теңге деген жазуы бар орнын ғана көргенімізді жасырмаймыз. Сатушылардың айтуынша, бірінші сұрыптағы 80 теңгенің наны үзіліспен немесе аз көлемде жеткізіледі екен. Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай бағаның мерзімі аяқталып келеді, яғни тұрғындардың оны тек 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана сатып алуына мүмкінідігі бар көрінеді. Әрі қарай не болмақ? Бұл сауалға әзірге нақты жауап қайтарыла қойған жоқ. Нан бағасы – әлеуметтің тұрмыстық көңіл күйіне бірден әсер ететін өте нәзік те шетін фактор. Сондықтан бұл бағытта жергілікті атқарушы билік тиімді де ұтымды шаралар белгілейді деген ойдамыз.
ОРАЛ