• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сайлау 07 Желтоқсан, 2020

Сайлау процесіне кімдер қатыса алады?

2169 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау процесіне қатысушылардың өкілеттігі туралы мәселе қаралды.

Отырысқа қатысқан саяси партия­лардың, Бас прокуратураның, Әді­лет, Ішкі істер және Қаржы министр­ліктерінің өкілдері, аумақтық сайлау комиссиялары үш мәселені талқылады. Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүше­сі Асылбек Смағұлов сайлауға ADAL және «Ақ жол» партиялары ұсынған тізімдерді тіркеу мәселесіне тоқталды. Қос партия да 27 қараша күні құжаттарын тапсырған. ADAL саяси партиясының тізімінде 16 адам бар. Олардың бесеуі – әйел және 29 жасқа толмағандар, бұл – тізімге енгендердің жалпы санының 31,2 пайы­зы. Ал «Ақ жол» партиясы ұсынған 38 үміткердің 14-і – әйел және 29 жас­қа толмағандар.

Отырыстың үшінші мәселесі – сайлау процесіне қатысушылар­дың өкілеттігі бойынша ОСК мүшесі Серік Сыдықов баяндама жасады. Өз баян­дамасында ол өкілеттіктерді іске асыру, сайлау процесіне қатысу­шы­лар­ды тіркеу мәселелерін түсін­дірді. Сондай-ақ спикер партия­лар­­дың се­німді тұлғалары, саяси пар­ти­я­л­ар­дың, өзге де қоғамдық бір­лес­­тік­тер мен коммерциялық емес ұйым­дардың байқаушылары, шет мем­лекеттер мен халықаралық ұйым­дар­дың байқаушылары, отандық және шет­елдік бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдеріне жеке-жеке тоқталды.

Кандидаттар мен партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сайлау науқанында көмектесетін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін сенімді тұлғаларын бекітуге құқылы. Олардың мәртебесі АСК-де тіркелген сәттен бастап күшіне енеді. Саяси партиялар сенім білдірген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сай­лау округіндегі әрбір сайлау учас­кесі­не үш адамнан аспайтындай етіп қоя алады. Ол үшін тиісті сайлау ко­мис­сиясына хабарлауы керек. Тір­кеу рәсімі ОСК-нің 2011 жылғы 21 қара­ша­дағы «Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №62/108 қаулысымен айқындалған. Ол тұлға міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Сайлау комиссиясының мүшесі немесе мемлекеттік саяси қызметтегі лауазымды тұлға бола алмайды. Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әр­бір сайлау учаскесінде бір мезгілде әр­бір канд­идаттан немесе саяси партия­дан бір сенімді тұлға қатысуға құқылы.

Саяси партиядан, өзге де қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйым байқаушылары болса да­уыс беру­дің өткізілуін, дауыстарды са­науды, сондай-ақ аумақтық сай­лау ко­миссиясының, учаскелік сайлау ко­миссиясының шешімдері мен әре­кет­терін байқап, заң бұзушы­лық­тарды қадағалайды. Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі учаскеде бір мезгілде әрбір саяси партиядан, өзге де қоғамдық бірлестіктен, ком­мер­циялық емес ұйымнан бір-бір бай­қаушыдан қатыса алады. Бай­қау­шының мәртебесі УСК-де ол ту­ра­лы деректерді есепке алу журналына енгізіліп, тіркелген сәттен баст­ап күшіне енеді. Учаскедегі да­уыс­тарды санау хаттамасын жоға­ры тұрған аудандық не қалалық ко­мис­сияға тапсырғаннан кейін, сон­дай-ақ заңнама бұзылған жағдайда байқаушы өз мәртебесін жоғалтады. Байқаушы ретінде тіркеу үшін белгілі бір заңды тұлға құжат тапсыруы керек. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куә­ландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжатта жеке тұлғаға бері­летін өкілеттік, жеке мәліметі, сон­дай-ақ өкілеттіктерді орындауға ке­дер­гі келтіретін шектеулердің жоқ­тығы туралы жазбаны қамтуы тиіс.

Конституциялық заңға сәйкес шетел­діктердің, азаматтығы жоқ адам­дардың, шетелдік заңды тұлға­лардың және халықаралық ұйым­дардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлау­да белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедер­гі келтіретін және ықпал ете­тін қызметті жүзеге асыруына ты­йым салынады. Сол себепті саяси пар­тиялардың, қоғамдық бірлес­тік­тердің, коммерциялық емес ұйым­дардың байқаушылары Қазақстан Респуб­ликасының азаматтары болуы тиіс.

Серік Сыдықов сондай-ақ байқау­шы­лардың дауыс беру күні фото, аудио және видео түсіру бойынша құ­қық­тарына тоқталды. Сайлау тура­лы заң байқаушыларға дауыс беру барысына және оның қоры­тынды­­ларына кедергі келтірмей, фото, аудио және бейнежазбалар жасау құқы­ғын береді. Бұл Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Конституциясымен кепіл­дік берілген адам құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ «Сай­лау туралы» Конституциялық заңда бекітілген дауыс беру құпиясын сақ­тау қағидатына қол сұға алмайды. Тиісін­ше, фото, аудио және бей­не­жазба­лар сайлаушылар тізімі, тол­ты­рыл­ған бюллетеньдер секілді деректердің құпиялылығын сақтауы тиіс. Алайда «Байланыс туралы» заң­ның 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото-,

аудио- және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санатқа жатпайды. Сол себепті учаскелік сайлау комиссиясы мен байқаушылар заңнама сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге жол бермейтінін ескеруі қажет. Бір ескеретіні, байқаушы түсірген фото, аудио және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына келер болсақ, Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ОСК жанында аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жеке тұлғалары халықаралық байқаушылар болып есептеледі. Халықаралық бай­қаушы мәртебесі аккредиттелген кезден бастап беріледі. Халықаралық бай­қаушы сайлау науқаны аяқтал­ғаннан кейін, Қазақстан заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары бұ­зыл­ған жағдайда, сондай-ақ СІМ ұсынуы бойынша тиісті шет мемле­кет­тің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде өз мәртебесін жоғал­тады. Шетелдік байқаушыларға ОСК бел­гілеген үлгідегі куәлік беріледі. Ха­лық­аралық ұйымдардың байқау­шы­лары мен шетелдік БАҚ өкілдері өз мәртебесін сайлауды байқаудан басқа қызметте пайдалана алмайды. Олар аудармашымен бірге жүруі мүмкін.

Дауыс беру күні сайлау учаскесі ашылған кезден бастап, дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін қыз­меттік куәлігі мен редакцияның тапсырмасына сай әр БАҚ-тан бір мезгілде бір өкілден қатыса алады. Журналист тіркеуден өткен мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар отырыстар, кеңестер және өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті. БАҚ өкілі сайлау учаскесінде белгіленген тәртіп ережелерін сақтауы керек.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілеттігі СІМ-де аккре­диттелген сәттен басталады. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша СІМ жанында тұрақты негізде 39 шетелдік БАҚ-тың 166 өкілі тіркелген. Шетелдік БАҚ өкіл­дерінің құқықтары мен міндеттері халық­аралық байқаушылардың мәрте­бесіне ұқсас. Үшінші мәселенің қоры­тын­дысы бойынша Орталық сайлау ко­мис­­сиясының мүшелері «Қазақ­стан Рес­­пуб­ликасы Парламенті Мәжілі­сінің және мәслихаттардың депутат­тарын сай­лау бойынша сайлау про­це­сіне қатысу­шылардың жекеле­ген санат­тарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы» қаулы қабылдады.