Кипрдың «Invest Cyprus» үкіметтік компаниясы Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастық орнатуға арналған «Roadshow 2020 – Kazakhstan» онлайн бизнес форум ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға екі елдің қаржы және іскер топтарының, банк құрылымдарының, аудиторлық және заң компанияларының өкілдері қатысты.
«Invest Cyprus» төрағасы Михалис Михаэль кипрлық-қазақстандық өзара іс-қимыл әлеуетін жоғары бағалап, өзінің 2019 жылы Кипрдың Сыртқы істер министрі бастаған бизнес-миссия құрамында Нұр-Сұлтанға жасаған сапарының табысты нәтижелері туралы айтып берді.
Форумның негізгі спикерлері ретінде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев пен Қазақстанның Кипр Республикасындағы Елшісі (қызметін қоса атқарушы) Сатыбалды Бұршақов сөз сөйледі.
Б.Сартбаев қатысушыларды инвестицияларды қорғау саласында Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар мен шетелдік инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер туралы хабардар етті.
Елші іс-шара қатысушыларын екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың негізгі бағыттарымен таныстырып, Кипр Қазақстанның Оңтүстік Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін баса айтты. Ол бизнес қауымдастығын инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін тиімді пайдалануға, сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен арнайы экономикалық аймақтардың, әсіресе 2021 жылғы 1 қаңтарда екі ел арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияның күшіне енуіне байланысты шетелдік инвесторларға ұсынылып отырған жағдайды ескере отырып, перспективалық жобаларды бірлесе іске асыруға шақырды.
Дипломат 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Кипр Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша алғашқы 10 елдің қатарынла екенін хабарлады (165 млн АҚШ долл. астам). Бұл тұрғыда таяуда іскерлік мүмкіндіктердің неғұрлым кеңейтілген күн тәртібін зерделеуге ықпал ететін Кипр - Қазақстан бизнес-қауымдастығының құрылуын құптады.
Елші инвестициялық саясатты іске асырудың шаралары мен басымдықтары нақты белгіленген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауының негізгі тезистеріне жеке тоқталып өтті.
Бұдан бөлек, С.Бұршақов 2021 жылғы 10 қаңтарда Парламент Мәжілісінің жоспарланған сайлауы өтетіні жайлы хабарлады. Осыған байланысты Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформаларды, оның ішінде көп партиялы жүйені нығайтудың маңыздылығын атап өтті.