Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мүшелерінің ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі Шектеулі миссиясымен кездесуі өтті.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев жақында Нұр-Сұлтан қаласына келген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлауды байқау жөніндегі Шектеулі миссиясының мүшелерін қарсы алды.
Б.Имашев миссия мүшелерін сайлаудың жарияланғанынан бастап дауыс беру күніне дейінгі науқанның негізгі кезеңдерімен қысқаша таныстырды.
Миссияның басшысы, елші Ярослав Марчин Домански Қазақстан тарапына қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, миссияның негізгі тобының мүшелерімен таныстырды.
Тараптар бүкіл сайлау кезеңінде белсенді өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты. Кездесу соңында тараптар дәстүрлі түрде қалыптасқан ынтымақтастық пен ізгі ниет қатынастары 2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде жалғасын табатынына сенім білдірді.
Байқаушылар тобы ел билігінің Қазақстандағы Парламенттік сайлауды бақылауға шақыруынан кейін келген. Құрамында 11 сарапшы бар негізгі топ Нұр-Сұлтанда орналасқан. Тағы 24 байқаушы 15 желтоқсаннан бастап келе бастайды, олар елдің барлық аймағына жіберіледі.
Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және демократиялық сайлаудың басқа халықаралық міндеттемелері мен стандарттарына, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалайды. Байқаушылар сайлаушылар мен кандидаттарды тіркеуді, үгіт-насихат жұмыстарын, сайлау әкімшілігі мен тиісті мемлекеттік органдардың жұмысын, сайлауға қатысты заңнаманы және оның орындалуын, сайлауға қатысты дауларды шешуді мұқият бақылайтын болады. Сондай-ақ миссия науқанның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қадағалайды.
Бақылау барысында миссия мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының және халықаралық қоғамдастықтың өкілдерімен кездеседі. Миссия дауыс беру күні бірқатар сайлау учаскелеріне барып, сайлауды бақылау бойынша ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясымен күш біріктіреді.
Сондай-ақ жұмыс барысында аралық есеп жариялауы шарт. Сайлаудан кейінгі күні баспасөз конференциясында алдын ала және соңғы қорытындылар туралы мәлімдеме жасалады. Ал бақылау қорытындылары мен ұсыныстар бойынша есеп сайлау процесі аяқталғаннан кейін екі айдан кейін жарияланады. Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро мен миссия ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінен бөлек және тәуелсіз жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.