• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2020

Тренингке қатысамын деп тақырға отырды

211 рет
көрсетілді

Қазір «оп-оңай табысқа жетудің жолын үйретемін» немесе «қаржылық сауатыңызды арттырамын» дейтін түрлі тренингтер көбейді. Жарнамасы жер жарған мұндай ақылы жобалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткеніне ел куә. Азаматтар тіршілігіне тірек болар кә­сіп меңгеріп, білім-бі­лі­гін жетілдіргені жақсы-ақ әри­не. Өкінішке қарай, қу­лы­ғына құрық бойламайтын пы­сықайлар «аңқау елге арамза молданың» кебін жасап, алаяқтыққа да баратын болыпты.

Алматылық құқық қор­ғау­­шылар таяуда осындай бір ши­кіліктің шетін бай­қап, жауап­кер­шілігі шек­теулі серіктестіктің біл­дей бір директорын аса ірі кө­лемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады.  Поли­ция де­партаменті мә­лім еткендей, күдікті  қар­жылық сауат арттыру бойынша семинарлар өткізіп, өзіне имандай ұйыған жұрт­ты қаржы көзін пайдалы акцияларда сақтау керек деп сендірген. Қазіргі таңда оның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен 725 адам анықталып отыр. Сонымен қоймай ол  биржалық сау­дамен айналысатын жалған компания­лар мен сайттар әзірлеумен шұ­ғылданыпты.

– Күдікті әйел мұндай әре­­кетімен іс жүзінде ұзақ уақыт айналысқан адам ре­тінде әдемі және сауат­ты сөйлегендіктен, келу­шілер оған сенген. Ал­данған аза­­маттарға ол акционер болуды және биржалық сау­далық актив­терге инвестициялау арқылы ақ­шаларын кө­бей­­туді ұсынған. Жоспар бойын­ша салымшылар са­лын­ған қаражаттан 40% пайда алуы керек болатын. Идеяны жүзеге асыруға вир­туалды платформа қа­жет болған және ол үшін «инвес­торларға» логин мен пароль беріліп, электронды әмиян тіркелген «itrade» сайты қолданылған. Олар іс жүзінде өздері сал­ған қаражаттың және алын­ған кірістің сомасын көр­генімен, бұл тек мони­тор­­дағы сандар ғана еді. Ин­вестиция белсенді «қаржыгердің» қалтасына түсіп отырған, –  дейді Ал­маты қалалық полиция департаменті тергеу бас­қармасы бастығының орынбасары Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Тергеу барысында аза­мат­тардың инвестиция ретінде 500-ден 30 мың АҚШ долларына дейін ақша сал­ғаны анықталды. Салым­шылардың ешқайсысы уәде етілген соманы ала алмаған. Қаржылық сауатты үйретіп жүр­ген азаматша бас­тап­қыда алын­ған ақ­шаны төлеуді және қай­таруды жоспарламапты да. Құ­зырлы орынның бол­жамынша, оның қылмыс­тық әрекетінен 2019 жыл­дың қаңтарынан бас­тап жәбірленушілерге жалпы сомасы 180 мың доллардан астам мате­риалдық шығын келген.   

«Іс жүзінде зардап шеккен аза­маттардың саны әлдеқайда көп болуы, келген шығын мөлшері бұдан да жоғары болуы мүмкін. Күдікті сайтта жоғары кі­ріс­ті пайда тапқысы келе­тін­­дерді белсенді пайда­лан­ған. Қазіргі таңда Қыл­мыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жү­ріп жатыр. Бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін қыл­мыстық жауапкер­шілікке тартылған, 1974 жылы туған азаматша Алматы қа­ла­сының уақытша ұстау изо­ляторына қамалды», деп мәлімдеді тергеу басқар­масының өкілдері.

 

АЛМАТЫ