• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2020

Алматыда бірыңғай дизайн-код қалай енгізіліп жатыр?

249 рет
көрсетілді

Бас жоспарды әзірлеу және дизайн-код енгізу бойынша Алматыда бірыңғай ережелер құру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы қаласының Бас жоспарының жобасы бойынша жұмысты аяқтау 2020 жылдың соңына белгіленген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика Басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов атап өткендей, Алматы қаласы Бас жоспарының жобасын тікелей бекіту 2021 жылдың І тоқсанына жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Алматы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы саласындағы қызметті үйлестіруге мүмкіндік беретін құзыреттілігі кеңейді. Осы Заңның енгізілуімен қала мен қала маңы аймағын бірлесіп теңгерімді дамыту мүмкіндігі пайда болды.

«Бас жоспарды түзетудің негізгі мақсаты қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қауіпсіз, қолайлы, жайлы қалалық орта құру болып табылады, бұл Алматыны «шетсіз қала» етеді», - деді ол.

«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға, сонымен бірге, дизайн-кодты енгізу бойынша норма енгізілді, ол өз кезегінде Алматы қаласы аумағындағы ғимараттардың қасбеттерінің, жарнама конструкцияларының архитектуралық шешімдеріне, жазғы алаңдарға, шағын сәулет нысандарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды орналастыруды жүйелендіріп, ретке келтіреді.

«Алматыда дизайн-кодты енгізу – Қазақстан үшін пилоттық жоба. Көп еңбекті талап ететін бұл жұмыс мұқият зерттеуді, шығармашылық көзқарасты және нақты белгіленген ережелерді талап етеді. Бірқатар тармақтар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Алайда, пандемия түзетулер енгізді: қоғамдық тыңдаулар біраз уақытқа тоқтатылды», - деді А.Ахмеджанов.

Сонымен қатар, ол биылғы жылы қаланың көптеген жазғы алаңдары жалпы талаптарды ескере отырып ресімделгенін атап өтті. Жөндеуге немесе реконструкциялауға дайындық кезінде кейбір ірі тамақтану орындары ғимарат пен оған іргелес аумақты жобалау бойынша ұсыныстар алу үшін Басқармаға жүгінуде.

«Бірыңғай ережелерді құру бойынша жұмыс жалғасуда. Дизайн-код жобасы қала тұрғындарына талқылау үшін ұсынылатын болады. Құжатты енгізу бойынша қоғамдық тыңдауды қайта бастау мерзімі қала мен елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты болады», - деп атап өтті А.Ахмеджанов.