• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2010

ӘЛЕМ КУБОГЫ АЛМАТЫДА

695 рет
көрсетілді

Қазақ футболы үшін қадамы құтты, жеңістер жұғысты болғай Тағатсыздана күткен сәт те келіп жетті– Кеше Алматыға әуе кемесімен әлемдік деңгейдегі теңбіл доп додасының  Бас жүлдесі –    FІFA Әлем кубогы әкелінді. Қалай десек те, жарқын келешекте әлемдік матчтарға қатысудан күдерін үзбеген қазақ футболы үшін бұл жақсы ырым. Футболдың басты трофейінің Қазақстанға келген қадамы құтты болып, жеңістер біздің жігіттерге жұғысты болса, қанекей. Әлем кубогы Алматыда үш күн тұрақтайды. Әлем кубогын Халықаралық Алматы әуежайынан күтіп алуға асыққан, басты трофейді қол созым жерден тамашалауға тал­пын­ғандардың басым бөлігін БАҚ өкілдері құрады. Жақсы оқиғаны жарнамалауға асыққан журналис­тер бүйірінде FІFA  таңбасы мен­мұндалаған ұшақтан  бірінші болып Кубокты күтіп алды. Өз тарихында тоғыз айлық са­парға шыққан Әлем кубогын қол­ды етіп алмау шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бұған дейін де хабарлағанбыз. Себебі, сом алтыннан құйылған,  жалпы салмағы 6 кило 175 грамм  тар­татын трофей 1966 жылы Ан­глияда Кубоктың ашық шеруі кезінде ұрланғаны белгілі. Осы орын­сыз оқиға  1983 жылы Брази­лия­да қайталанады. Алғаш Ан­глия­да қолды болған Бас жүлде та­былып, иелеріне қайтарылса, өкі­нішке орай, екінші жолы Кубок ізім-қайым жоғалады. – Кубокты ұдайы FІFA-ның арнаулы күзет қызметінің адам­дары алып жүреді. Оның Қазақ­стан­дағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз де қосымша күзет агенттігінің қызметкерлерін жал­да­дық. Сол сияқты Кубоктың 86 мемлекеттегі сапары түгелдей қауіпсіздік шараларымен қамтама­сыз етілген, – дейді жобаның үй­лестірушісі Арыстанбек Нұрмаха­нов. Сонымен, жұмада жеткен Ку­бок Алматыдағы “Интерконтинен­таль” қонақүйінде түнеп, сенбі күні  алдын ала жасалынған тізім­ге кірген көпшілік назарына ұсы­нылады. Ондай таңдаулылардың қатарында – балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, “Былғары доп” жалпыұлттық балалар мен жас­өспірімдер футболдық турнирлері­нің жеңімпаздары, үкіметттік емес ұйымдардың мүшелері бар. Ал жексенбі күні Әлем ку­бо­гын “Coca Cola” компаниясының Алматыдағы зауытында 5 мыңдай адам қол созым жерден тамаша­лап, суретке түсе алады деп күтілу­де. Қазірге сатылған билеттер саны осындай. Басты трофейдің көшірмесін емес, дәп өзін көрудің әсері ғажайып. Мұндай сирек сәт­тер біздің футбол жанкүйерлеріне айта-айта жүрерліктей құлшыныс­ты қуаныш сыйлары сөзсіз. Дүниежүзілік футбол додасы­ның ең  басты жүлдесінің  Қазақ­станға ат басын тіреуге “Coca Cola” компаниясы ықпал етіп отыр­ғанынан оқырман хабардар. Аталмыш компания 60 жылдан бері әлемдік теңбіл доп дода­ларында жарнама жасап қана қой­май, әуесқой футболдан бастап бар­лық деңгейде өтетін жарыс­тардың басты демеушісі болып табылады. Ал FІFA-ның штаб-пәтерінен басталған Әлем кубогының бұл жолғы саяхаты 134 017 шақы­рым­ға созылып, Жер шарын үш рет айналып шығуға болатындай өз тарихындағы  ең алыс сапарға шығып отыр. Сонымен FІFA Әлем кубогы­ның түпнұсқасы кезекті рет алда Оңтүстік Африканың Йоханнес­бург қаласындағы “Soccer Cіty” стадионында өткен додада жеңіп шыққан елдің құрамасына тап­сырылғанға дейін тағы бірқатар мемлекеттерді аралайды. Кубок Қазақстаннан кейін Оңтүстік Кореяға аттанады. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер табанына екі қабат малахит салынған трофейдің түбіне 1974 жылдан бері фут­бол­дың Әлем кубогына ие болған елдердің аттары мен жылдары ойып жазылғанын біледі. Ал биыл ақтық сынға жолдама алған 32 команда тұңғыш рет Африка құрлығында бас трофей үшін барларын салатын болады. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.