Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктер қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін қаражатты қымқырып қалу фактілерін өткір сынға алғаны мәлім.
Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің деректеріне сүйенсек, бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша Алматы облысында ағымдағы жылдың 10 айында 28 қылмыстық іс қозғалыпты.
Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктер қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін қаражатты қымқырып қалу фактілерін өткір сынға алғаны мәлім.
Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің деректеріне сүйенсек, бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша Алматы облысында ағымдағы жылдың 10 айында 28 қылмыстық іс қозғалыпты.
Салалап айтсақ, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданып, оның 1-еуін сот қарады. Мысалы, Ақсу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің бұрынғы бастығы С.Сүлейменов қызмет бабын асыра пайдаланып, «Әлемқұрылыс» ЖШС Жансүгіров кентіндегі әр тұрғын үйге ауыз су тартып беруі туралы жасалған келісімшартта көрсетілген міндетін толық орындамаса да қабылдап алу актісіне қол қойып, мөр басып, мемлекетке 1 825 630 теңге көлемінде зиян келтірген.
«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қаратал ауданының Оян ауылында 120 орындық мектеп салу барысында жасалған қылмыстық әрекетпен мемлекетке 1,1 млн. теңге залал келтіргені үшін Ақылжан Жандарбековті сот 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеп, мемлекетке келтірілген залалды бір ай ішінде толық қайтару туралы талап қойды.
Елдің өзекті мәселесінің бірі – баспаналы болу. Бұл орайда мемлекеттік бағдарлама өз мақсатында толық орындалмайтыны биік мінбелерден айтылуда. Нақты дерекке дәйектеме келтірсек, «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Аида Асылбекова деген азаматша Еңбекшіқазақ ауданының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекші маманы міндетін уақытша атқара жүріп, қызмет бабын пайдаланып, пайда көру ниетімен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың сеніміне кіріп, пәтер алуға көмек көрсетемін деген уәдемен 75 мың 810 теңгені заңсыз жолмен алған. Сол үшін оған Еңбекшіқазақ аудандық соты шешімімен 3 жылға сынақ түріндегі жаза тағайындалды. Келтірілген залалды толық қайтару туралы талап қойылды.
«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Панфилов ауданында 4 млн. 700 мың теңгені жымқыру фактісі бойынша 1 қылмыстық іс өндіріске түсіп, тергеу амалдары жүргізілуде», деді Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаменті бастығының орынбасары Арман Нұрғалиев.
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысындағы тағы бір келеңсіздік – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Қапшағай қаласында 2011 жылы қаржыландырушы «ҚазАгроҚаржы» АҚ орындаушы «Проектное компания КЗ» ЖШС арасында зауыт құрылысын салу туралы келісімшарт жасалып, 18 840 000 теңге алдын ала төленген. Сосын, жобалау құжаттары жоқ болғандықтан, алдын ала төленген қаражатты қайтаруға еш шара жасалмай, келісімшарт бұзылған. Сөйтіп, бюджет қаражаты шашылып, мемлекетке жоғарыда көрсетілген сома көлемінде шығын келтірілген. Қапшағай қалалық сотының ағымдағы жылдың 31 мамырындағы үкімімен Айдарбек Күрішбаев пен Айя Клим 3 жылға жазаланған.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.